«Абай – дара, Абай – дана қазақта»

Қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл-ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері Абайды тану қазақтың өзін-өзі тануының, басы да, соңы да десек болады!

Сол себепті қазақты тану үшін Абайды оқу қажет, ал Абайды түсіну үшін азамат болу басты шарт. Абайды тану - Абай айтқан тағлымы терең ойынан толық қорытынды шығару және оның қайталанбас дара тұлғасын пір тұту деп білеміз. Абай атамыздың даралығының айнымас көрінісі, оның шығармашылық мұрасының халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы мен тәрбие көзі болуында. Ұлы дана Абай атамыздан бастау алған тәрбие көзі маңызын ешқашан жоймайды, маңызын жоймау былай тұрсын, заман өзгеріп, қоғамдық санада күрт сапырылыстар пайда болған сайын бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып,қадірін арттыра түсуде. Бұған дәлел ретінде, дара тұлғалы Абай атамыздың жұмбақ поэзия әлемінің тылсым сырларын ашу мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің, Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының, Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығының 4 курс студенттерінің кураторлары Самал Амиргалиевнаның басшылығымен «100 кітап» жобасы аясында 2016 жылдың қазан айының 18-жұлдызында өткізген «Абай – дара, Абай – дана қазақта» атты тәрбиелік іс-шарасын айта аламыз.

Дара әрі дана ақынымыздың дүниеге келгеніне бір жарым ғасыр болса,ал оның өзінің мәңгі өлмес шығармаларымен халқына сөздің ұлы мағынасында ұстаздық ете бастағанына ғасырдан астам уақыт өтті. Содан бері оның артына қалдырып кеткен мұрасы өмір баспалдақтарындағы айнымас темірқазық, адастырмас құбыланама болып қызмет етіп келеді. Бұл күнде Абай сөзі әр қазақтың ағзасына ана сүтімен бірге дариды десек, артық айтылғандық болмас. Ал бойдағы сол қоректі әрқашан толықтырып отыру, дамыған, күнделікті шыңдалу үстіндегі тұлға үшін ажырамас шарт болып табылады. Аталмыш іс – шара барысында қазақ даласының қайталанбас біртуар перзенті, әлем әдебиетінің қорында өз атын алтын әріптермен жазып қалдырған, әлемге қазақ ұлтын мойындатқан, шығармалары ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған, Абай атамыздың бай әдеби мұрасын дәріптеу мақсатында әр курстардың қатысуымен жарыс өткізілген болатын. Бұл жарыс таныстыру, сұрақ-жауап, ақын өлеңдерін жалғастыру, тапсырма сынды кезеңдермен қамтылды. Жарысқа қатысушы поэзияға жаны құмар Утешова Райхан, Жаппарова Айгерім, Мамыр Айдана, Хадрова Шынар, Қажымұқан Ақтолқын атты қыздарымыз жарыс барысында өте жақсы белсенділік танытып, Абай атамыздың терең ойлы қайталанбас бай мұрасын жаттап бой түзегендігін дәлелдеп, бойындағы сол мұраны іс-шара барысында ақын өлеңдерін жалғастыру кезеңінде ерекше серпілістерімен өнер көрсетулері арқылы паш етті. Сайысты жүргізушілер Рахматулла Жамиля мен Өмірқұлова Айгерім жарыс барысын қадағалап, қатысушыларға жол сілтеп іс-шараның жүйелі өтуіне өз үлестерін қосты. Жарыс нәтижесін әділ-қазы алқалары шығару барысында ұйымдастырушы 4-курс студенті Айтбекова Жансая өзінің бойындағы тәрбие көзінің қайнар бұлағы, Абай атамыздың әдеби мұрасынан жарысқа қатысушыларға ой тастау және кішігірім сый ретінде ақынның «Ескендір» поэмасын оқып беріп, кештегі әдемі поэзиялық серпілісті одан сайын көркейте түсті. Жарыс қорытындысы бойынша, 1-орынды Жаппарова Айгерім, 2-орынды Утешова Райхан, 3-орынды Хадрова Шынар, 4-орынды Мамыр Айдана және 5-орынды Қажымұқан Ақтолқын иеленді. Сайыс барысында қатысушылардың іштей риза болып, көңіл-күйлерінің жақсы болып қайтулары Өтебаева Алина мен Құттыбек Арайдың жалпы жарыстың нәтижесінің әділ болуын қадағалап, әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығыгның 4-курс студенттерінің бірлесе отырып тәрбиелік іс-шараның мақсатына қол жеткізу үшін аянбай еңбек еткендігінің көрінісі.

Қатысушылардың сыйлаған әдемі әдеби поэзиялық серпіні кеш қонақтарының Абай әлеміне, Абай поэзиясына шомып ерекше қайталанбас әсер алуына негіз болды.

 

Философия және саясаттану факультеті

Педагогика және білім беру менеджменті

кафедрасының аға оқытушысы Рамазанова С.

Басылым күні :  21.10.2016