әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінің профессорлары Ысқақ Ақмарал мен Жүгенбаева Гүлбану дәріс оқып, тәжірибе алмасу мақсатында Седльце қаласындағы Жаратылыстану-гуманитарлық университетінде (Польша) болды

28.03.2023

Көрулер: 1070

 

 

 

2023 жылдың 12-26 наурызы аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінің профессорлары Ысқақ Ақмарал мен Жүгенбаева Гүлбану дәріс оқып, тәжірибе алмасу мақсатында Седльце қаласындағы Жаратылыстану-гуманитарлық университетінде (Польша) болды. Сапар 2022 жылғы 3 наурызда екі университет арасында жасасқан Ғылыми-педагогикалық ынтымақтастық меморандумына сәйкес Эразмус+ бағдарламасының қаржыландыруымен өтті. Бұл сапар Седльце университеті мен ҚазҰУ арасындағы ынтымақтастықтың маңызды қадамы болды.

Сапар барысында Седльце университетінің ректоры, профессор Мирослав Миникинамен және Тарих институтының директоры, профессор Дариуш Магиермен жеке кездесу өтті. Профессорлар ҚазҰУ-дың, атап айтқанда, Тарих факультетінің архившілер мен тарихшыларды даярлаудағы жетістіктері, алдағы уақытта бірлесіп атқаратын жұмыс жоспарлары туралы сөз етті.

Седльце университетінде профессорлардың «Қазақстандағы архив қызметі мен архив ісінің ахуалы», «Қазақстан архивтеріндегі «поляк ізі» және «Қазақстан тарихнамасындағы поляк-қазақ қатынастары» тақырыптарындағы дәрістері докторанттар мен профессорлар арасында архив саласының дамуы, Қазақстан тарихы мен мәдениеті туралы ерекше қызығушылық тудырды. Профессор Артур Горактың шақыртуымен профессорлар А.Ысқақ пен Г.Жүгенбаева Люблин қаласындағы Мария Кюри-Склодовская университетінде де студенттер мен профессорларға дәріс оқыды.

Профессор Дариуш Магер мен Артур Горак Тарих факультеті докторанттарының шетелдік ғылыми жетекшілері болып тағайындалған және Седльце Жаратылыстану-гуманитарлық университетімен ынтымақтастықты арттыру мақсатында олардың ғылыми тағылымдамадан өтуі қарастырылған. Екі университет арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың бағыттары келешекте кеңейе бермек.