әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультетінің эмблемасы

23.01.2023

Көрулер: 838

2022 жылы 24 қарашада Тарих факультеті Ғылыми кеңесінің шешімі бойынша (№4 хаттама) жаңа эмблема қабылданды. Эмблеманың тұрқы дөңгелек, өзара кіріктірілген қызғылт-қоңыр және алтын түстегі символикалық-графикалық бөлшектермен нақышталған, ал бұл реңктер шешімділікке, батылдыққа, оптимизм мен мақсаткерлікке шақырады. Дөңгелектің сыртқы шеңберінің ең жоғарғы қас бетінде ақ түспен «ҚАЗҰУ», ал төменгі жағында «ТАРИХ ФАКУЛЬТЕТІ» деп жазылған.
Тарих факультеті эмблемасының орталық әйкелі ретінде профессор Ә.Т.Төлеубаев экспедициясы Елеке сазы жайлауынан тапқан сақ заманындағы қалың алтын қаңылтырдан қиып жасалған аппликация пайдаланылған. Негізгі бейне синкретті сипатта: мүйіздері бұғы мен таутекенікі, тұмсығы жыртқыш грифон құстікі, ал мойыны, кеуде тұсы, алдыңғы аяғы – тұяқты жануардың бейнесі, денесінің бір бөлігі, соның ішінде құйрығы және артқы аяғы – барыс (қабылан) пішінді жыртқыштікі, сондай-ақ денесінің алдыңғы тұсында қанаты бар. Әшекей бейне б.з.б. V-ІV ғасырлармен мерзімделінеді. Эмблема жоғарғы жақтарын көркемдеп тұрған бесжұлдыздар ертесақ Шілікті алтын адамы әшекейлерінің арасында кездеседі. Жұлдыздардың өзі жетістікке жету, кемелдену белгісі іспеттес.
Орталық көріністен төменірек орналасқан айқара ашылған кітаптың сол жақ бетінде мекеменің ашылған уақыты көрсетілген. Кітаптың өзі қордаланған мәселелерге, соның ішінде тарихи сауалдарға қатысты іздестірілген жауаптар мен ілім-білімдер кілті іспеттес. Ал кітаптың оң жақ бетіндегі салт атты батыр бейнесі ата-бабаларымыздың жауынгерлік ерлігін айғақтайды.