«АРХИВ СЫЙЫ»

07.12.2022

Көрулер: 766

2022 жылдың 7 желтоқсанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің Дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасы, әл-Фараби кітапханасы және ҚР Орталық мемлекеттік архивімен бірлесе отырып, екі мекеме арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған «Архив сыйы: ҚР ОМА кітаптары - әл-Фараби университетіне» аты дөңгелек үстел 9йымдастырды. Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қ.Қ. Бораш, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры, т.ғ.к., доцент Шілдебай С.Қ., Тарих факультетінің деканы, т.ғ.д., доцент Д.С. Байгунаков, әл-Фараби кітапханасының директоры А.Б. Сикинбаева, дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., профессор  Р.С. Мырзабекова және архив қызметкерлері, кафедра мүшелері, «Архивтану, құжаттану және құжаттаманы басқаруды қамтамасыз ету» мамандығының студенттері қатысты.

Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қ.Қ. Бораш архив мамандығын бітіруші түлектерді жұмыспен қамту, кәсіби біліктіліктерін арттыру мақсатында курстар ашу, архивист-құжаттану мамандығына деген жылдан жылға сұраныстың көбейуі туралы айтты.

ҚР ОМА 3-4 жыл көлемінде шығарған 15-ке жуық кітабын, соның ішінде «Бауыржан Момышұлының эпистолярлық мұралары», «Асанбай Асқаров», «1921-1923 жж. ашаршылық» және т.б. атты құжаттар жинақтарын таныстырып, кітапханаға ұсынды. Сондай-ақ, ҚР ОМА мен әл-Фараби кітапханасы арасында ынтымақтастық туралы меморандума қол қойылды.

Архив қызметкерлерінің «Архив-2025» мемлекеттік бағдарлама аясында әкелінген құжаттар, сонымен қатар кезінде «құпия», «аса құпия», «жариялауға жатпайды» деген белгілері бар құпиясыздандырылған құжаттар шығарылған жинақтарға енген. ҚР ОМА қызметкерлерінің жарияланған құжаттар жинақтары археография ғылымына қосқан үлкен үлес деп санаймыз, болашақ архивистер мен тарихшыларға қазақ халқының рухани мұрасын насихаттауда бұл басылымдар негізгі дерек көздері болып табылады.

 

т.ғ.к., доцент Алпысбаева Н.К.