«ҰЛТ ҰСТАЗЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМДАРЫ» атты дөңгелек үстел

28.11.2022

Көрулер: 504

 

 

2022 жылы 28-қараша күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультеті, Қазақстан тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлының -150 жылдығына арналған «ҰЛТ ҰСТАЗЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМДАРЫ» атты дөңгелек үстел өткізілді. Аталған шараға ҚазҰУ-дың тарих факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.

Дөңгелек үстелді ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Б.Б. Кәрібаев модератор ретінде кіріспе сөз алып: «Қазақтың ақыны, зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы және қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсынұлының ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшілерінің бірі және Алаш-Орда өкіметінің мүшесі болғандығы», – жайында тоқталды.

         Сөз алған Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Тарих факультетінің деканы Д.С. Байгунаков Қазақстанның Кеңестік тарихнамасында «Алашорда үкіметі Кеңестік жүйеге қарсы болғандықтан, таратылған» деп айтылып келді. Осы ретте Алашорда мемлекеті, Алаш қайраткерлері, соның ішінде Ахмет Байтұрсыновтың тұлғасы жөніндегі тарихи әдебиеттерде, оқулықтарда осы уақытқа дейін көп жағдайлардың басы ашылмағандығына тоқталды.

Дөңгелек үстелге шақырылған қонағы ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Х. Әбжанов «Ахмет Байтұрсынұлының Ленинге хаты» атты баяндама жасады. «Ұлт ұстазы - Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту тұлғатануға серпін берді. Дейтұрғанмен ахметтануды ұлықтау мен насихаттауда кемшін тұстар бар. Осы айтқанымыздың айғағы ретінде Ахаңның 1920 жылы 17 мамырда большевиктер көсемі В.И. Ленинге жазған хатының маңызы мен мәні. Әрине, қазақ даласынан Ленинге жолданған хаттар көп. Бірақ соның бәрін бірдей құнды дерек деуге болмас. Біз талдағалы отырған хат басқалардан өзгеше. Ол хат 48 жастағы ұлт ұстазының кемел шағында жазылды. Ленинге хатында Ахаң кеңестер еліндегі социалистік құрылысқа, ұлт мәселесіне, большевиктік партия тағдырына мейлінше дәл әрі кешенді пайымын білдіріп, қазақ елі үшін кезек күттірмейтін міндеттерді ашты», деп атап көрсетті. 

Дөңгелек үстелге шақырылған қадірлі қонақтардың қатарында Хаджеттепе университетінің профессоры, т.ғ.д., Мехмед Дервиш Клынычкая (Түркия) «Ахмет Байтұрсынұлының Қазақстанда жаңа ұлттық мемлекеттік идеясының қалыптасуына әсері» атты тақырыпта баяндама жасады.

Баяндамада: «Кеңес үкіметі тұсында қазақ зиялыларының тарихын жасау ісі ресми саясатқа тікелей тәуелді болды, соған сай өзгеріп отырды. Мұндай саясаттың астары түсінікті болатын. Қазақ бұқарасының санасын өзіне қаратып алуды көздеген большевиктер, өзінің негізгі қарсыласы ұлттық тәуелсіздік тұғырнамасында тұрған қазақ демократиялық интеллигенциясын күрес аренасынан біржола ығыстыруды алдына мақсат етіп қойған еді», деген пікірін білдірді.

Хажетеппе университетінен келген келесі қонағымыз – профессор Сейфы Иылдырым (Түркия) «Туркия мемлекетіндегі Алаш Орда және Ахмет Байтұрсынов тақырыбына қатысты зерттеулерге шолу» тақырыбында   баяндама жасады. Баяндамада Қазақстанда ұлт зиялыларының қалыптасу тарихы және аталмыш мәселе бойынша жазылған, Түркияда жарияланған негізгі еңбектерге тарихнамалық тұрғыда шолу жасалынды.

Аталған шараға қатысушы профессорлық-оқытушы құрамы және магистранттар мен студенттер Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы өмірі мен шығармашылығы жағынан танымдық тұрғыда тереңірек танысатындығы анық.