ТАШКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСУ

26.06.2022

Көрулер: 1038

 

2022 жылы 23-26 маусым күндері Өзбекстан Республикасы астанасы Ташкент қаласындағы Әлемдік экономика және дипломатия университетінде Орталық Еуразиялық зерттеулер қауымдастығының (CESS) VII жазғы конференциясы өтті. Бұл конференция Орталық Еуразия және Орталық Азияның тарихы, әлеуметтік дамуы, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты проблемаларды талқылайтын алаң болып, оған әлемнің жетекші университеттерінен 300-ге жуық ғалымдар қатысып, ғылыми ойларымен бөлісті.

Аталған конференцияға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Тарих факультеті Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Сұлтанғалиева Гүлмира Сәлімжанқызы мен аға оқытушы Абдрахим Мирас Еркінұлы да қатысып, ғылыми баяндамаларын жасады. Атап айтқанда, профессор Сұлтанғалиева Г.С. «Мерзімді басылым беттеріндегі және портреттердегі император сарайындағы қазақ депутаттарының бейнеленуі (ХІХ ғ. ІІ жартысы)» («Reflection of Kazakh deputations to the imperial court on the pages of periodicals and portraits (second half of the 19th century)») атты тақырыпта ғылыми баяндама жасады және «ХІХ ғасырдағы әлеуметтік өзгерістер тұсындағы қазақ көшпелі элитасының династиялары» атты ғылыми панельде жетекші болды, ал аға оқытушы Абдрахим М.Е. осы панельде «Әке өсиетін орындай отырып...: Жетісу облысының қазақ шенеуніктерінің мемлекеттік қызметке кіру мотивтері» («Obeying the will of the father…»: motives for entering the civil service of the Kazakh officials of the Semirechensk oblast») атты тақырыпта баяндама жасады. Айта кетерлігі, осы панельдің дискуссанты Оксфорд университетінің профессоры Александер Моррисон болды.

Осылайша, осы конференцияда кафедраның профессоры Сұлтанғалиева Г.С. және аға оқытушысы Абдрахим М.Е. тек қана баяндама жасап қана қоймай, сондай-ақ басқа да Орталық Азия мәселелерімен айналысатын түрлі ғалымдардың баяндамаларын тыңдап, тәжірибелер алмасып қайтты.