Тарихшылардың VIII ұлттық конгресі өтті !

23.12.2020

Көрулер: 1602

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Тарихшылардың ұлттық конгресі Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойлары және «Ұлық Ұлыс» – Алтын Орданың 750 жылдығы аясында «Отандық тарих ғылымындағы тұлға: жаңа зерттеулер мен ұстанымдар» тақырыбында кезекті VIII отырысын өткізді.

Ресми жиын басталмай тұрып университет қабырғасындағы «Күлтегін» атриумында бірқатар іс-шараларға куә болдық. Ең алдымен «Абай академиясы» ғылы­ми-зерттеу институты әзірлеген «Абай» интерактивті кешені таныс­тырылды. Әмбебап кешен ар­қылы кез келген көрермен Абай әлеміне саяхат жасай алады. Екінші бір іс-шара Алтын Орда мемлекетінің 750 жыл­дығы қарсаңында Халық­ара­­лық Түркі академиясы әзір­леген кітаптардың таныстырылымына арналды. «Ұлық Ұлыс (Алтын Орда), Шағатай ұлысы, Моғолстан мемлекеті. Құжаттар жинағы», «Моңғолдың құпия шежіресі. Түпнұсқадан ғылыми аударма және сөздігі», «Алтын орда: та­рих, мемлекеттілік, мә­де­ни мұра», «Жошы хан», «За­фар­нама. Та­рих-и-Жахангир», «Ша­ғатай ұлы­сы. Хайду мемле­кеті. Мо­ғол­стан», «Берке – моң­ғол тағын­дағы мұсылман» сынды тарих ғылымы үшін зор олжа саналатын кітаптардың тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Үшінші бір мәнді іс-шара – Тарихшылардың ұлттық конгресінің мүшелерін марапаттау мен жаңа мүшелерді қабылдау салтанаты болды.

Конгресс отырысын Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жүргізді әрі жиындағы алғашқы баяндаманы жасады. Ол өз баяндамасын­да тарих ғылымындағы тұл­ға­тану бағытына қатысты көз­қарас­тарымен бөлісті. «Ғылыми әде­биетте жалған тарих жасаудың негізі­нен үш түрі аталады. Оның бірі кездейсоқ дәйектік қате­лер­ден тұрады. Мұндай бұрма­лау­шылық көбіне кәсіби білік­сіздіктен туындайды. Жалған тарих жасаудың екінші түрі – тарихи ақиқаттың бір бөлігін жабық тақырыпқа айналдыру, ол туралы қасақана үндемеу. Оның мысалы Отан тарихындағы «ақтаңдақ» тақырыптардың болуы. Жалған тарих жасаудың үшінші түрі – тарихты ашықтан-ашық бұрмалау. Ол – ойластырылған, саналы бұрмалау, түпнұсқаны, шындықты жалғанмен алмастыру. Тарихи танымда әлдеқандай мақсат көздеген жеке тарихшылардың мақсатты әрекеті ретінде бұл фактор зиянды сипат алады. Кеңестік тарихнамадағы жеке тұлғалардың тарихтағы орнын айқындауда соңғы фактордың ықпалы қатты сезілді, оның салдары қазіргі кезде де жойыла қойған жоқ», деді Е.Сыдықов.

Жыл қорытындысы бойынша, тарих саласының жаңашыл, ізденімпаз ғалымдарына арнайы грамоталар табысталып, осы тізімде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультетінің деканы Ноғайбаева Меңдігүл Сағатқызы және Археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі Жұматаев Ринат Серікұлы лайықты марапатқа ие болды.