Кафедра тарихы

 Журналистика факультетінде баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы баспагерлер, редакторлар, дизайнерлер даярлап келеді. Кафедраның өзіндік қайталанбас тарихы бар. Оның негізі 1976 жылы журналистика факультетінің журналистік шеберлік және әдеби редакциялау мәселелерін талдап шешумен айналысатын бірегей ғылыми-зерттеу бөлімшесі ретінде қаланды. КСРО университеттері ішінде ҚазМУ-дың журналистика факультетінде осындай кафедра тұңғыш рет ашылып, мұның өзі болашақ мамандарды дербес даярлықтан өткізуді жақсартуға мүмкіндік берді.

Кафедра ашылған күннен бастап білікті мамандармен қамтамасыз етіліп келеді. Бүгінде кафедраның дамыған ақпараттық-техникалық базасы, жеткілікті аудиториялық қоры бар. Қазіргі заманғы компьютерлік сынып, баспагерлік-дизайнерлік кешен, әлемдік Интернет желісі жұмыс істейді, әр үш ай сайын толықтырылып отыратын университеттің бай библиографиялық кешені қызмет көрсетеді.

Факультет пен кафедра базасында мамандардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау жөніндегі семинарлар өткізіліп, кәсіби техникалық және шығармашылық бағыттар бойынша ғылыми жұмыстар жүргізілуде, кафедра оқытушылары мен студенттері ғылыми жұмыстарының жинақтары шығуда. 

Журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасының бірінші меңгерушісі филология ғылымдарының докторы, профессор Тауман Салықбайұлы Амандосов болатын. Қазақ көсемсөзінің осынау талантты зерттеушісінің идеялары негізінде ғылыми мектеп өмірге келді. 

 

 

1991 - 1995 жылдар аралығында кафедраны қазақстандық журналистика мектебінің дамуына және ғылыми журналистика теориясын талдап жасауға зор үлес қосқан ірі ғалым, талантты ұйымдастырушы,  профессор Юрий Алексеевич Крикунов басқарды. 1995 - 1999 жылдар аралығында кафедра тізгінін ұстаздары Т.С.Амандосов пен Ю.А.Крикуновтың ғылыми дәстүрлерін лайықты жалғастырған  филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Өміржанұлы Жақып ұстады. Жаңадан "баспа ісі" мамандығының енгізілуіне орай 1998 жылы кафедра атауы өзгеріп, баспа ісі және редакциялау бойынша мамандар даярлана бастады. Жалпы журналистік білім негізінде даярланған баспа ісі маманы кең ауқымды кәсіби білігі бар қызметкер ретінде баспа үдерісін ұйымдастыруға және оны жетілдіруге қажет дағды мен машықты иеленді.

   

 

 

1999 жылдан кафедраны білікті де  іскер жас ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайрат Өмірбайұлы Сақ басқарды. Оның келуімен баспа ісі және редакциялау кафедрасының ғылыми, оқулық-әдістемелік қызметі соны серпін алды.  

 

 

 

 

Жаңа 2008-2009 оқу жылы кафедра үшін айтулы жыл болды. Кафедра құрамы, оның басымдықтары өзгеріп, ұжымды баспа және педагогика саласында толымды тәжірибесі бар филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сағатбек Медеубекұлы Медеубек басқарды. Бұл кезеңде мамандар даярлау саласында туындаған жаңа талаптарға орай кафедраның инновациялық білім беру жобалары, эксперименттік оқу жоспарлары, бірегей оқу әдістемесі, элективтік пәндер каталогтары, өзекті курстар мен пәндер өмірге келді.  2011 жылғы мамырда кафедрада  «Дизайн» мамандығы ашылды.  Жаңадан "баспа ісі және дизайн кафедрасы" атауын алған бөлімшенің көкжиегі кеңейіп, түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұлғая түсті. 

 

 

2014 жылдың қыркүйегінен кафедраны экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Жетпісбай Бекболатұлы басқарып келеді. Пиар-технологияларды білуі және шетелде тағылымдамадан өтуі баспагерлік мамандықтың халықаралық келешегіне көз жіберуге мүмкіндік берді. халықаралық еңгейде идея алмаспай әлемдік білім беру кеңістігіне кіру мүмкін емес. Кафедра Польшамен, Германиямен, жақын шет елдермен белсенді ынтымақстастық орнатқан. 

 

 

Кафедраның бүгінгі күні баспагерлік және дизайнерлік тәжірибемен тығыз байланысты. Болашақ жұмыс берушілермен кездесулер өткізу дәстүрге айналған: баспагерлермен, полиграфистермен, дизайнерлермен,  баспа, газет - журнал редакторларымен бірлесіп дөңгелек үстелдер, қайырымдылық акциялары өткізіліп тұрады.

Кафедра Аламты қаласында орналасқан баспалармен, кітапханалармен, полиграфия кәсіпорындарымен, кітап саудасы ұйымдлрымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Курстан-курсқа көшкен кафедра студенттері жетекші оқытушылар басшылығымен кітап-журнал басылымдарын шығарады. Сонымен қатар олардың университетке қатысты "Қазақ университеті" баспасында тұрақты тағылымдамадан өте алады.

2016 жылғы желтоқсанда замана талаптарына орай кафедра дамудың жаңа бағытына бет бұрды. Бүгінде кафедра баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы деп аталады. Кафедра құрамы шығармашылық ізденістегі педагогтармен толығып, креативтік ұмтылыс арта түсті.