Жалпы мәліметтер

Факультет пен кафедра жұмыстарының ерекше бір бағыты Халықаралық қарым-қатынасты орнату болып табылады. Факультет ғалымдарының зерттеулерін ЮНЕСКО, МККК, Интерньюс, ЮНИСЕФ, АҚШ журналистика оқытушылары Ассоциациясы, Еуропалық журналистиканы зерттеу Ассоциациясы және СNN (АҚШ), BBC (Ұлыбритания), Әл-Жазира сияқты және тағы да басқа журналистикалық медиа-ұйымдары қолдап отырады.

Журналистика факультетінің ғалымдары мен оқытушылары Германия, Болгария, Түркия, Қытай және басқа да көптеген елдерде болып тұратын конференциялар мен семинарларға қатысып отырады. USIA мен тығыз әрі табысты қарым қатынас арқылы Оклахома Мемлекеттік университетімен (АҚШ) тығыз байланыс қалыптасты. 1995 жылы факультеттің төрт оқытушысы Оклахома университетінде болып қайтты


Қазақстандық және Польша университеттерінің ынтымақтастығы

Университетімізде журналистика факультеті Баспа және дизайн кафедрасының шақыруымен Польшаның Н.Коперник атындағы Торунь университетінің профессоры Ивона Массака студенттер мен магистранттарға дәріс оқу мақсатындағы іссапармен болып қайтты. Ол Евразиялық идеяларға, вербальды емес коммуникацияларға, сөз еркіндігіне, жарнама және саяси технологияларға арналған кітаптар мен оқулықтардың авторы.

Польшалық ғалымның дәрістерін тыңдауға келген студенттер мен оқытушылар қазіргі заманғы саясат тақырыбының өзекті мәселелері мен Польшадағы жаңа медиа құрылымы және баспалар тәжірибесі туралы мағлұматтармен танысты.

Шетелдік профессордың ұсынысымен шеберлік сыныбы өткізіліп, студенттік тың зерттеу жобалары пайда болды.


Америкалық баспагерлер


2011 жылдың 17 қарашасы күні журналистика факультетінде АҚШ тың Флорида штатында тұратын белгілі ғалымдар әрі баспагерлер Джейн Вуд және Фрэнсис Кейсердің қатысуымен «Кітап ісінің бүгінгі күнгі өзекті мәселелері» атты онлайн конференция өтті. Бұл конференцияны «Баспа ісі және дизайн» кафедрасының меңгерушісі Медеубек С.М. және кафедра оқытушылары мен студенттері ұйымдастырды.

Кітап басу ісінің, жарнама және электронды кітаптардың таратылу деңгейі туралы мәселелер көтерілді. Америкалық қонақтар ол елдегі білім беру жүйесі электронды оқулықтарға көшіп жатқандығын, сонымен бірге Қазақстандағы кітап басу ісінің дамуына да көңіл бөлетіндерін айтты.

Студенттер америкалық жазушылардың шығармалары, баспаларының маркетингтік саясаты, балаларға арналған кітаптардың тақырыптары және т.б. туралы сұрақтар қойып, толыққанды жауап алғандарына риза болды.

Өз кезегінде америкалық баспагерлер де біздің студенттерден қандай кітаптар оқитындығын, болашақтағы мақсаттары туралы сұрады. Интернет арқылы өткен жүздесу өте мазмұнды да әсерлі болды.