Жарқыраған жас нұрлы, жаса, Наурыз, дәстүрлі!

 

Әлімсақтан бері халқымыз береке мен бірліктің, татулық пен достықтың мерекесі 22-Наурыз – Ұлыстың Ұлы күні, Жаңа жыл келді, жаңа күн туды деп әрдайым ұлықтап, ұлттық құндылықтарын дәріптеп, ұлан-асыр той жасап, атадан балаға мұра боп жалғасып келе жатқан ұлттық мереке.

Түркі халықтарының төл мерекесі саналатын Ұлыстың Ұлы күніне орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, филология факультеті, қазақ тілі білімі кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к., Өтемісова Гүлмира Жеткергенқызының ұйымдастыруымен ҚФ-103 оқу тобы студенттері ерекше ықыласпен, шалқар шабытпен «Жарқыраған жас нұрлы, Жаса, Наурыз, дәстүрлі!» атты әдеби-музыкалық кеш өткізді.

Атаулы кештің мақсаты: студенттердің берекелі Әз-Наурыз туралы білген-түйгендерін одан әрі толықтыра отырып, ұлтымыздың рухани қазығы – ұлттық салт-дәстүрлерді сақтауға, дәріптеуге баулу, қазақ өнерінің ұлылығын көрсету.

Кеш жүргізушілері Оқа Жанат пен Тұрсынбай Зухра мәнерлі үнімен мерекелік кешті әсерлі жүргізді. Кеш шымылдығы үш бидің ақ батасымен ашылды (Ершат, Сейткерім, Арсен билердің образын сомдады). Сейітжаппар Ақтілек әуезді үнімен «Наурыз» әнін шырқап, Сабыржан Ершат пен Оңарбай Сейіткерім, Шаймерденова Камила домбыраның қоңыр үнімен күмбірлетіп күй тартып, жүрек қылын қозғады. Ілиясова Сымбат ұлттық құндылығымыздың бірі салт-дәстүрлерімізге қатысты тың мәліметтер мен құнды ақпараттарға толы бейнекөрсетілім көрсетіп, қошеметке бөленді. Тимурова Адина Наурыз көженің жасалу жолын керемет бейнекөрсетілім арқылы таныстырды. М.Әуезов «Айтыс – сөз барымтасы» дегендей, Оңғарбай Сейіткерім мен Рахымбай Асел әдемі әзіл мен қағытпа қалжыңға құрылған қыз бен жігіт айтысын жасап, көрермен көңілін көтерді. Жыр алыбы Жамбылдың өшпес жырын өзіне өнеге тұтқан Шайық Жанель Наурызға арнауын көңіл толқыта, мәнерлі үнімен жүрекке жеткізді. Іңкәрқызы Жансая мен Шубаева Айгерім терең тәлімі бар әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізге арналған интелектуалды ойын ойнатып, көрермендеріміз ой ұшқырлығын көрсетті. Тимурова Адина мың бұралған «Қара жорға» биімен көрерменмен флешмоб жасап, әдемі нотада кешіміз өз мәресіне жетті.

Әдеби-музыкалық кеш барысында жалындаған жастарымыздың өрен елдің, өр мінезді ұрпақтары екеніне тағы бір мәрте куә болдық.

Кеш қонақтары, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультеті, қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Жайна Бағашарқызы, ф.ғ.д., профессор Раушангүл Амирдинқызы, ф.ғ.к., доцент Құралай Төлегенқызы мерекелік кештің өте жоғары дәрежеде өткенін жеткізіп, кештен ерекше әсер алғандарын тарқатып айтып, кеш ұйымдастырушыларына тілектері мен алғыстарын білдірді.

Кеш қонақтарына ҚФ-103 оқу тобы студенттері алғыстарын арнайы өлең шумақтарымен жеткізді:

Сіздер бізге жігер, қуат, шабытты,

Бердіңіздер, шіркін, түзу бағытты!

Өнерлерін қолдап бүгін ұстаздар,

Шәкірттерге үміт отын жағыпты!

Лебіздерін жүрекпенен айтар шын,

Көңіліңіз көктем гүлдей жайқалсын!

Бізге бөлген алтын уақытыңызды,

Хақ Тағалам жақсылықпен қайтарсын!

Иісі қазақ жұртына келіп жеткен Әз-наурыз құтты болсын!

Қазақ жерінде мәңгілік бақ-береке қонған бейбіт заман болсын!

Басылым күні :  01.04.2021