"ЖАЗЫЛАР ЕСТЕЛІКТЕР МЕН ТУРАЛЫ"

8 ақпанда Әл-Фараби атындағы кітапхананың шығармашылық залында Филология факультеті, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі кафедрасы, Қазақ филологиясы мамандығының 201-топ студенттерінің ұйымдастыруымен Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевті еске алуға арналған "Жазылар естеліктер мен туралы" атты әдеби-эстетикалық кеш өтті. Іс-шараға қайталанбас қазақы болмысымызды қанына сіңірген "Қазақ филологиясы" мамандығының студенттері, факультетіміздің мыңнан жүйрік, жүзден тұлпар өнерпаз жігіттері, кітапхана қызметкерлері мен студенттер ұйымдарынан келген қонақтар қатысты.

Кеште Мұқағали Мақатаевтің өмірі мен шығармашылық жолына шолу жасалып, соғыс жылдарын көз алдына келтіретін ақынның "1941-жыл. Ақпан" өлеңінің сюжетіне құрылған көрініс қойылды. Мәнерлеп оқу шеберлері поэзия сүйер қауымды түрлі тақырыпта жазылған ақын жырларымен сусындатты. Ақиық ақынның жастар арасында танымал "Сен менің жанарымның ішіндесің" т.б. махаббат тақырыбындағы дует түрінде оқылған өлеңдері көрермен көзайымына айналды. Әрі қарай кеш көркін қыздырған А.Бектұрсын, Д.Алтынбекқызы және К.Аманованың көрермен жүрегіне жеткізе оқыған "Моцарт. Жан азасы" аудармасы болды. Топтың талантты ақындарының арнау өлеңдерінен соң, "Мен деп ойла" әні Г.Айгазинованың орындауында шырқалды. Қалың қауымды қуантқан   жігіттер қауымы тарапынан көрермен назарына ұсынылған "Бақыт деген не өзі" атты сахнаға негізделген композициялық қойылымы ақынның «Бақыт деген» әнімен жалғасын тапты. Шара барысында Қойгелді Нұртілеу, Нәрікбай Нүркен, Досанова Ақбота, Мәлік Рахым секілді студенттер актерлік қырынан танылып жатса, Оразақын Аңсардың сыбызғысының үні көпшіліктің жадында ұзақ сақталып қалды. Әдеби-эстетикалық кештің соңына қарай "Күрең күз" әніне дайындалған студенттер вальсі, "Есіңе мені алғайсың" әні хор түрінде орындалды.

Кешті қорытындылау үшін сөз сөйлеген "Қазақ Филологиясы" 201-топ эдвайзері Ж.Абитжанова, кітапхана қызметкерлері студенттерге ризашылығын білдіріп, көрсеткен өнерлері үшін алғыс айтты.

Басылым күні :  18.05.2023