«Тәуелсіздік – қазақтың төлқұжаты, Тәңірім мәңгілікке мөрін басқан!»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің бірінші курс студенттері онлайн форматта, zoom платформасы арқылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік – қазақтың төлқұжаты, Тәңірім мәңгілікке мөрін басқан!» атты мерекелік іс-шара өткізді.

     Мәдени шара желтоқсан батырларын еске алу бейнебаянымен басталып, Қайрат Рысқұлбековтің ақтық демі мен анасының зары көрінісімен жалғасын тапты. Жас ақындар өз шығармашылықтарынан тәуелсіздікке арнаған жыр шумақтарын оқып, көрермендердің көңілінен шықты. Өнерпаз студенттер туған жер, ел тарихына қатысты патриоттық ән шашуларын тарту етті. Атап айтқанда, Айгазинова Гаухар «Туған жер», Аманова Камила «Желтоқсан желі» әндерін тамылжыта орындады. Студенттер өз арнауларын оқып қана қоймай, белгілі қаламгерлердің Тәуелсіздік тақырыбына жазылған шығармаларын жан тебіреніспен жырлады. Айдос Бектұрсын қазақ тарихының әр кезеңін ерекше жырмен өріп, домбырамен күмбірлете арнау айтты.

       Концерттік бағдарламадан тыс, мерекеге байланысты «Жасампаздық жеңісі – Тәуелсіздік жемісі» атты кезекті бөлімде студенттер көрсетілген ұяшықтардағы 30 жылда еліміздің жеткен жетістіктеріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Мәдени шара соңында топтың куратор-эдвайзері Жанар Абитжанова студентттерге алғысы мен ізгі тілектерін білдірді. Бұл әсерлі мәдени шарадан студенттер үлкен тағылым, ғибрат алды.


Басылым күні :  12.12.2021