ТҰҒЫРЫҢ БИІК БОЛСЫН, ТУҒАН ЕЛІМ!

 

Бүгінгі таңда елімізде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына іс-шаралар өтуде. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өтетін
әрбір іс-шараны елге пайдасын тиетін істерге ұластыру қажет. Экономика, білім, ғылым салалары бойынша тың жобалар қолға алынады» деген болатын.

     Мемлекет басшысының бастамасымен ҚР Тәуелсіздігін атап өту қолға алынғаннан бері маңызды жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда   Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің студенттерімен ZOOM платформасында онлайн-режимде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «ТҰҒЫРЫҢ БИІК БОЛСЫН, ТУҒАН ЕЛІМ!» атты танымдық кеш өткізілді.

   Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған кешке

«Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің төрағасының бірінші орынбасары, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, танымал ғалым, академик Озғанбаев Өмірзақ Озғанбайұлы құрметті қонақ ретінде шақырылды.

     Кеш тізгінін топ студенттері Есмағамбетова Шамшырақ пен Қоңырбайқызы Айғаным қолына алды. Мерекелік кештің шымылдығын ашқан топтың бұлбұл әншісі Қанат Перизаттың патриоттық рухты оятатын ән шашуымен басталған кештің ажары кіріп, әрі қарай кешіміздің құрметті қонағы қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбайұлы ағамыздың өмір жолы мен елге сіңірген еңбегінен сыр шертетін Жалгасова Алияның презентациясы ұсынылды. «Өнегелі өмір» деп аталатын презентациядан көптеген мәліметтерді ойымызға тоқи отырып, бүгінгі күнгі ағамыздың жетістік жолына жетуіне дейінгі жолмен жүріп өткендей әсерде болдық. Бұл мәліметтердің түйінін Құдайберген Аяжан өзінің Өмірзақ Озғанбайұлына арналған арнауымен көркемдей түсті.
   Қоңырбайқызы Айғанымның академик Өмірзақ Озғанбайұлымен жүргізген кішігірім сұқбаты кеште өз жалғасын тапты. Бұл сұқбат студенттердің көкейіндегі сұрақтарды дөп басып, кештің мазмұнын аша түсті. Жан-жақты сұрақтар қойылып, ағамыздың өмір иірімдері мен түйген ойларына қанық болып, сұқбаттың әр қырынан да жастарға үйретері мол болды.

   Кеш соңында топтың ақын қызы Құдайберген Аяжан өз шығармашылығынан «Тәуелсіздік-тұғырым» атты өлеңін оқыды. Жаңа ғасырмен бірге келген ел тәуелсіздігі - баға жетпес қазына. Тәуелсіздіктің тәуелсіз ұрпақтарына қазына болып қалған асыл мұраны дәріптеу үшін өткізілген кеш өте жоғары деңгейде өтті. Елдігіміз бен бірлігімізді, ынтымақ пен татулығымызды айқындайтын егемендігіміз мәңгілік, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Басылым күні :  21.05.2021