"Халықаралық қайта құру және даму банкі - Қазақстан" атты шағын процесс

2016 жылдың 21 қазанында  әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің халықаралық қатынастар факультетінің халықаралық құқық мамандығының 3-курс студенттерімен студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары аясында "Халықаралық қайта құру және даму банкі - Қазақстан" атты шағын процесс өткізілді.  

 Іс-шараның  мақсаты: халықаралық қаржы жүйесіндегі аса маңызды ұйымдардың бірі болып табылатын Халыаралық қайта құру және даму банкінің қызметімен таныстыру.  

Міндеттері:

- Халықаралық қаржы жүйесінің жалпы құрылымы және қызметіне шолу жасау;

- Халықаралық қайта құру және даму банкінің қызметімен тәжірибе жүзінде танысу;

- Қазақстан Республикасының халықаралық қаржы жүйесіндегі орнын бағалау.

Халықаралық қайта құру және даму банкі (ХҚДБ) - Дүниежүзілік банктің негізгі несиелік мекемесі болып табылады. Іс-шара барысында студенттер осы Халықаралық банктің құрылымымен, оның құрылтай құжатымен және негізгі қызмет бағыттарымен танысты. Басты әдісі ретінде топтық жұмыс таңдалған болатын.

Студенттер төрт топқа бөлініп, Халықаралық қайта құру және даму банкі, Қазақстан Республикасы, Халықаралық валюта қоры өкілдері  және сарапшылар ретінде ХҚДБ-нің Қазақстан Республикасына қоршаған ортаны қорғау саласындағы жобасын қаржыландыру мәселесін шешумен айналысты. Қазақстан Республикасының тобымен ұсынылған жоба халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатаң қаржылық, экономикалық және экологиялық саралауынан өтті. Барлық процедуралар Халықаралық қайта құру және даму банкінің келісім баптарына және басқа да талаптарына сай етіп жүргізілді. Шағын процесс екіжақты келісімге қол қою рәсімімен аяқталды.

Кештің ұйымдастырушылары: Халықаралық қатынастар факультетінің халықаралық құқық кафедрасының 3 курс студенттері, оқытушылар: PhD докторант, аға оқытушы Нысанбекова Л.Б., з.ғ.к. Жайлау Ж., PhD доктор, ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық ынтымақтастық бойынша халықаралық құқық кафедрасы жетекшісінің орынбасары, доцент Баймағамбетова З.М.

Басылым күні :  30.10.2016