ҚР Президентінің Халыққа Жолдауына пікір

Биылғы жаңа оқу жылының басталуы ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың Халыққа Жолдауымен тұспа-тұс келді. Шығыстану факультеті Түрксой кафедрасының 2 қыркүйектегі кафедра мәжілісінде ұжым болып ҚР Президентінің халыққа үндеуі талқыланды. Жолдауды талқылау барысында кафедра оқытушылары биылғы жылғы Үндеудегі ерекшеліктерге тоқтала отырып өз пікірлерін қосты.

ҚР Президентінің жылсайын дәстүрлі түрде Халыққа жолданатын биылғы үндеуі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталады. Президент сөз басында Парламенттің кезекті сессиясының жұмысы күрделі кезеңде басталып, бүгінде әлемге қауіп төндіріп отырған пандемияға қарсы күрес әлі күнге дейін елімізде жалғасып жатқандығын айтты. Қ.К. Тоқаев сын сағатта түсіністік танытып отырған халыққа, індетпен күресуде қызу жұмыс жүргізіп отырған медициа саласының қызметкерлері, құқық қорғау органдары, әскери қызметшілер мен кәсіпкерлер мен еріктілерге де өз алғысын білдірді. Сондай-ақ Президент еліміздегі бүгінгі таңдағы ахуалға тоқталып, пандемиямен күресте Үкімет тарапынан жүргізіліп отырған шараларды қамтып өтті.

Әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасқан жағдайда елде жүргізіліп жатқан реформаларға тың серпін беру, халқымыздың заман талабына сай өмір сүру үшін жағдай жасау қажеттілігі Жолдауда айтылды. Президент халықтың әлеуетін көтеру мақатында бірқатар жосапарлармен бөлісті. Олар: Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі; Жаңа кезеңдегі эконмикалық даму; Теңгерімді аумақтық даму; Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты басты басымдық; Қолжетімді әрі сапалы білім; Денсаулық сақтау жүйесін дамыту; Экология және қоршаған ортаны қорғау; Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында; Цифрландыру - барлық реформалардың негізгі элементі; Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу; Ұлттың жаңа болмысы.

            Президент жаңа әлемдік тәртіпте елдің экономикасын, әлеуеттік жағдайын көтеруге бағытталған жоспарларды жүзеге асыру үшін реформаларды жүйелі түрде жүргізу керектігін ұсынды. Мемлекеттік басқаруда, кадрлық саясатта шешімдерді қабылдау және оның орындалу жүйесінде тәсілдерді өзгерту керектігі айтылды. Ұлттық экономиканының қуаттылығын арттыру үшін жедел түрде қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажеттілігі көрсетілді. Қазақстан аймақтары экономикалық және өндірістік мамандануымен ерекшеленетіндіктен аумақтарды дамытуда олардың бәсекелестік артықшылықтарын ескеру керектігіне назар аударылды. Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты баспанаға байланысты болғандықтан нарықтық шартта олардың кірісін ескере отырып, тұрғын үйлерді қолжетімді ету және бұл мәселені өзбетінше шеше алу мүмкіндігі қарастырылу керек екендігі айтылды.

            Сондай-ақ пандемия кезінде білім саласында да өзгерістер жүріп, оқу үдерісі қашықтан оқыту жүйесіне көшірілген тұста еліміздің білім саласын көтеру үшін барлық жағдаяттардың жасалып жатқандығы мәлімделді. Азаматтардың сауаттылығын, олардың сандық білімін арттыру үшін үкіметке үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылды. Ғылым саласын дамытуда тың көзқарастар мен жаңа тәсілдер керектігі және де бұл мәселеде халықаралық тәжірибеге сүйену қажеттілігі айтылды. Бүгінгі сын сағатында дәрігер мамандығының маңыздылығына баға бере отырып, медициналық инфрақұрылымды дамытуды ұсынды.

Елдің ішінде экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту-басты мақсат екендігін атап өтті. Азаматтардың мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқарылу керектігі айтылды. Сонымен бірге адам құқығын қорғау бойынша жаңа шараларды қолдану маңыздылығына да тоқталып өтті. Бүгінде заманауи талапқа сәйкес болу үшін цифрландырудың қажеттілігін атай отырып елдегі интернет желісі, құжаттарды электронды түрде қолдану мәселесіне тоқталды.

Қазіргі негізгі міндеттердің бірі- халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, ұлт сапасын арттыру екенін ашып айтты. «Жауапты мемлекет -жауапты қоғам- жауапты адам» жүйесі берік орнығу керек екендігі көрсетілді.

Сөз соңында ҚР Президенті Қ. Тоқаев сындарлы уақытта ел алдында тұрған күрделі міндеттерді атқаруда еліміздің әр азаматына арқа сүйейтіндігін айтты.

 

 

Түрксой кафедрасы меңгерушісінің

оқу-әдістемелік және тәрбие

жөніндегі орынбасары

Жанатаева К.Б.

Дата публикации:  04.09.2020