1970-1986 жылдар аралығындағы университет тарихы

Университет өмірінің жарқын беттері, соның ішінде ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктері 70-80 жылдарға сәйкес келеді. Осы кезеңде университетті белді қоғам қайраткері, академик Ө.А.Жолдасбеков басқарды. Университеттің керемет студенттер қалашығы құрылысының бірінші кезеңі басталып, ғылым мен білімнің жаңа дәстүрлері туындап, дамып, нығая түсті. Университет студенттері де ғылым, өнер және спорт саласындағы үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Ол азаматтың беделі, қайрат-қажыры мен табандылығының арқасында университетке қалашық салу үшін тамаша жер және осы керемет жобаны жүзеге асыру үшін қаржы мен қаражат-күш бөлінді. Көптеген ірі жобалар жүзеге асырылды. Химия факультетінің жаңа оқу ғимараты қолданысқа берілді, ҚазМУ Агробиостанция жерінде орналасқан биофизика кафедрасы ғимаратының құрылысы аяқталды, Ядролық физика Институтында жаңа оқу ғимараты мен студенттерге арналған жатақхана салынды. Қызметкерлердің тұрғын үй мәселесі жақсарды: 70-ші жылдың аяғына қарай 400 пәтері бар алты тұрғын үй және балаларға арналған комбинат салынып бітті. Университеттің жаңа инфрақұрылымы қалыптастырылды. ҚазМУ қалашығын салуға атсалысқан «Главалматастрой» бас мердігеріне және О.М.Бейсенов, У.К.Қараманов, Е.К.Бейсебаев, Ю.К.Красиков, В.Р.Краснянск, А.Д.Ермегияев сынды   жетекшілерге айтар алғысымыз шексіз. Жаңа инфрақұрылыммен университет көптеген жетістіктерге жетті.

ҚазМУ Орталық Азия, Куба елдеріне мамандар даярлай бастады. 1975 жылы 114 елдің 700 жоғары оқу орны біріктірілген Халықаралық университеттер ассоциациясына қабылданды.