ҚазҰУ мен Катар университеті Меморандумға қол қойды

12.10.2022

Көрулер: 9016

Астана қаласында өткен Қазақстан-Катар инвестициялық форумы аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Катар университеті Меморандумға қол қойды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың Катар университетінің президенті Хасан Рашид Әл-Дерхаммен кездесуі нәтижесінде екі университет арасында өзара түсіністік туралы келісімге қол жеткізілді.

Университет басшысы өз сөзінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті катарлық жоғары оқу орындарымен араб тілі мен мәдениеті, исламтану саласында маман даярлау,  академиялық ықпалдастық және мұнай химиясы, наноматериалдар мен нанотехнологиялар, жаңартылатын энергия және киберқауіпсіздік бойынша тәжірибе алмасып келе жатқанын атап өтті. 

«Білім алушылар мен оқытушы-профессорлар құрамының академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ҚазҰУ-дың жас ғалымдары ғылыми-зерттеу тәжірибесінен өту үшін Катардың жоғары оқу орындарында болды. Сонымен қатар Қазақстанның жоғары оқу орындарына шетелдік ғалымдарды тарту тәжірибесін белсенді дамыта отырып, біз Катардан келген беделді ғалымдарды дәріс оқуға және PhD докторанттарына ғылыми жетекшілік етуге шақырдық», – дей келе, Жансейіт Түймебаев меморандум өзара тиімді қарым-қатынастарға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Катар университетінің президенті доктор Хасан Рашид Әл-Дерхам өз кезегінде ұзақ жылдар бойы өзі басқарып келе жатқан университеттің қызметі жайлы айтып берді. 1977 жылы құрылған Катар университеті (QU) – мемлекеттің негізгі жоғары оқу орны саналады. QU көптеген жетекші халықаралық аккредиттеу ұйымдарының мақұлдауын иеленген. Оның құрамында 11 колледж, бакалавриатта 50, магистратура бойынша 47 академиялық бағдарлама бар. Жоғары оқу орнында 23000-нан астам адам білім алады. Өз сөзінде мәртебелі қонақ Катар университетінің бүгінде елдегі академиялық және зерттеу шеберлігінің шамшырағына айналғанын жеткізді. Ол меморандумға қол қою маңызды қадам екенін айтып, өзара ынтымақтастық ауқымы кеңейе түсетінін атап өтті.

Жетекші жоғары оқу орындары арасында қол қойылған меморандум шеңберіндегі ынтымақтастық: ғылыми зерттеулердің нәтижелері, ақпарат және тәжірибе алмасу, статистикалық деректер, материалдарды жариялау, бірлескен зерттеулер, конференциялар, кеңестер мен тренингтер өткізу және өзге де салаларды қамтиды.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі