ҚазҰУ мен ҚР ҰҒА меморандумға қол қойды

12.04.2022

Көрулер: 3630

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылым қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, оқытушы-профессорлар құрамы мен жас ғалымдар қатысты.


Салтанатты жиында сөз сөйлеген білім ордасының ректоры Жансейіт Түймебаев ғылым саласында өлшеусіз еңбек етіп жүрген ғалымдарды кәсіби мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Сіздерді Ғылым қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ғылым – қоғамның қозғаушы күші, барлық саланың даму негізі. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды қалыптастыруда, ғылымның ықпалы күшті болуы тиіс. Қазіргі уақытта біздің алдымызда ғылымды жаңа бағыттар бойынша дамытудың ауқымды міндеттері тұр. Сондықтан қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, бірлесіп ғылым саласын дамыту маңызды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ іргелі және қолданбалы зерттеулер нәтижелеріне сүйене отырып, зерттеу университеті моделін іс жүзінде жүзеге асырады», – деді Жансейіт Түймебаев.

Жиында ҚазҰУ-ға арнайы келген ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов сөз алып, білім ордасындағы ғалымдарды айтулы күнмен құттықтады. Өз сөзінде профессор ұжымдық ғылымды дамыту қажет екенін жеткізді. «Қазақ ұлттық университеті – еліміздің мақтанышы. ҚазҰУ-дан түлеп ұшқан түлектер қазіргі таңда Үкіметте, мемлекеттік органдарда өз міндеттерін кәсіби деңгейде атқарып келеді. Жетекші университет студенттерге сапалы білім беріп қана қоймай, болашақ ғалымдарды даярлау қажет. Бүгінде ғылым бір ғалымның күшімен дами алмайды. Сол үшін баршамыз бірге жұмыс жасап, ұжымдық ғылымды дамыту керек», – деді Мұрат Жұрынов.

Шара барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ҚР Ұлттық ғылым академиясы арасындағы ынтымақтастықты арттыру бойынша Жансейіт Қансейітұлы мен Мұрат Жұрынұлы меморандумға қол қойды.  


Сонымен қатар салтанатты жиында «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» байқауының 16 жеңімпазы марапатталды. Жас ғалымдарға диплом мен ақшалай сыйлық табысталды.


Кездесу соңында химия ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі және президенті Мұрат Жұрыновқа «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрметті докторы» атағы берілді. Сондай-ақ Қазақстанда ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді  сақтау және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі  үлесі үшін Мұрат Жұрынұлы  қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен наградталды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі