Стартап жәй ғана сәнге айналған сөз емес

04.04.2021

Көрулер: 2498

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Заманауи экономикадағы стартап-жобаларды іске асыру ерекшеліктері» атты көшбасшылық онлайн-дәріс өтті.

Менеджмент, мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығының тәлімгерлеріне арналған дәрісті «Интер Конект» компаниясының негізін қалаушы, әрі бас атқарушы директоры  Шыңғыс Нұрханов жүргізді.

«Қазіргі таңда елімізде стартап-жобалардың, оның ішінде IT-технологиялар саласы бойынша өсімнің куәсі болып отырмыз. Стартаптар барлық салаларды қамтиды, бірақ соңғы кездері «IT» стартаптары сан жағынан басым болып тұр. Кез-келген жаңа кәсіп, бастау кезеңдерінен өтеді. Осы тұста стартапты тиімді бизнес-модельді іздеу деп те атауға болады» - дейді Шыңғыс Нұрханов. Сондай-ақ, ол стартап-жобаны құрудан бастап, коммерциализациялауға және оның өнім жобаларын сатуға дейінгі кезеңдегі жүзеге асырудың тәжірибесімен бөлісті. «Интер Конект» компаниясының жетекшісі Шыңғыс Нұрханов аталған компания өндірісті басқаруды автоматтандыру, криптографиялық қызметтер және бағдарламалық жасақтама жасау қызметтерін ұсынатынын да атап өтті.

Онлайн-дәріс барысында студенттер өндірістің негіздері, стартап үшін бастапқы капитал, оны криптовалюта нарығында табу мүмкіндігі және акцияларды қалай сатып алу сынды сұрақтарға жауап алды.   

«Әрбір табысты адам өзін-өзі қалыптастырады» - деген спикер Шыңғыс Нұрханов дәріс соңында студенттерге мақсатқа жету жолында бас тартпауды, бастамашыл болуды, спортпен шұғылдануды және білім алуға деген құштарлықты үнемі жетілдіруді тіледі.