ИЫҰ-ның бастамасы

23.04.2019

Көрулер: 3978

Алматыда ҚР СІМ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және ИЫҰ Бас хатшылығының бірлесе ұйымдастыруымен «Исламды жақындастыру бойынша бастама: ИЫҰ-ға мүше-мемлекеттердегі бейбітшілік пен қақтығыстарды реттеу жөніндегі перспективалар» атты екі күндік халықаралық семинар өтті.

Шараға Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) мүше мемлекеттердің дипломаттары, Қазақстандағы шет елдердің дипломатиялық корпусының өкілдері, көрнекті ғалымдар мен сарапшылар қатысып, ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы дауларды, ислам мемлекеттерінің аумағындағы реттелмеген жанжалдарды бейбіт шешу мақсатында исламдық жақындасудың бірлескен қазақ-түрік бастамасының мәселелерін талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов семинарға қатысушыларды университет атынан құттықтап, ИЫҰ әлемдік саяси архитектураның ажырамас бөлігі болып табылатынын және Ислам ынтымақтастығы мен әлеуметтік-саяси жауапкершіліктің уағыздауын бүкіл ислам қауымдастығының жүйе құраушы өзегі екенін атап өтті.

Қазақстан ИЫҰ мүше елдердің құрамына кірген сәттен бастап Ұйымның қызметіне белсенді қатысады. Қазақстан ұсынған мемлекетаралық қатынастарды, ислам әлемінің экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту жолындағы бастамалар ұйым мүшелері тарапынан оң пікір мен қолдау тапты. Семинар ислам мемлекеттерінің аумағында дауларды және реттелмеген жанжалдарды бейбіт жолмен шешу мақсатында исламдық жақындасу бастамасының өзекті мәселелерін талқылау бойынша диалог алаңына қызмет етеді.

«Осыған байланысты жаһандыққа қарсы тұру мен қақтығысқа емес, жаһандық интеграцияға бағытталған саясатты қалыптастыру саласында ұжымдық шаралар мен күш-жігерді қабылдау сөзсіз қажеттілік болып табылады.

Бұл үдерісте Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы маңызды рөл атқарады және биыл аталмыш ұйым 50 жылдығын атап өтеді. Оның негізгі міндеті ислам үмметінің ішінде де, әлемдік деңгейде де бірлік пен келісім идеяларын алға жылжыту болып табылады», – деп атап өтті ҚазҰУ ректоры.

Өз кезегінде Оман Сұлтанатының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайд бен Мохаммед Али аль-Барами мырза Қазақстан Республикасына бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнатуға, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі және төраға ретінде соңғы екі жылда бірқатар маңызды бастамалар мен ұсыныстар ұсынып, зор үлес қосқаны үшін үлкен алғысын жеткізді.

«ИЫҰ-ның ынтымақтастық шеңберінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен алғаш рет ғылым мен технологияларға арналған Саммит өткізіліп, Ислам ұйымы ҚР астанасында штаб-пәтері бар азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұйымы құрылды. Жақын арада Нұр-Сұлтан астанасында кепіл беретін елдердің қатысуымен сирияаралық келіссөздердің 12-ші раунды өтеді», – деді Сайд бен Мохаммед Әли әл-Барами мырза.

ҚР СІМ-нің арнайы өкілі Қайрат Лама Шариф Қазақстанның бастамаларын жүзеге асыру жайында баяндап, болашақта Исламдық татулық тұжырымдамасын саяси тұғырнамасы ретінде анықтау арқылы бірлескен жұмыстарды атқару мақсатында, саяси ислам әлемінде жаңа қатынастар парадигмасын жасауға шақырды.

Семинар барысында қатысушылар панельдік секцияларға қатысып, ислам елдеріндегі қақтығыстардың тарихы мен табиғатын, дүрбелеңдердің түпкілікті себептерін анықтау және жою, сенімді нығайту негізінде текетірестерге жол бермеу сияқты мәселелерді талқылады. Сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша алдыңғы қатарлы тәжірибелермен алмасып, адам құқығы, заң үстемдігі және қақтығыстарды ретке келтіру бойынша ИЫҰ-ның саясаты мен ролімен танысты.

Айта кетерлігі, ҚазҰУ БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық Хабын басқара отырып, тұрақты даму мақсаттарын, сондай-ақ адамзаттың тұрақты дамуы мен жаһандық әлемдегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қызметі мен халықаралық ұйымдардың бағдарламалары мен бастамаларын жүзеге асыруға атсалысуда.

www.kaznu.kz