Механика-математика факультетінде Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы дәрісхана ашылды
21.10.2011Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде математик, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, қазақстандағы сәулеленудің тасымалдау теориясы ғылыми мектебінің негізін салушы Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы дәрісхана ашылды.
Қазақ ғарыштық зерттеулердің негізін қалаушы ғалым атына арналған оқу аудиториясының ашылуына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжағали Сағадиев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы Осман және ғалымның жары Райхан Ғайниқызы, механика-математика факультетінің деканы, профессор Уалихан Әбдібеков, сонымен қатар математик ғалымдар мен факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты. Онда соңынан өшпес мұра қалдырып, математика ғылымының дамуына зор еңбек сіңірген ғалымның қайраткерлігі мен ғылым жолындағы естеліктері айтылды.
- Біртуар ғалым, академик Өмірзақ Сұлтанғазин көзі тірі болса, 75 жасын тойлар еді. Алайда ғалымның аты да, хаты да өлген жоқ. Айтулы ғалым туыстарының арасында, ғылымда және қоғамда мәңгі ұмытылмас ерекшелігімен насихаттала береді. Математиктің ғылымға сіңірген өшпес мұрасын дәріптеп, айтып, жалғастырып отыру үшін осы аудиторияны сол кісіге арнап отырмыз, - дейді академик Ғалым Мұтанов. Одан кейін осы аудиторияның ашылуына орайластырып, Өмірзақ Сұлтанғазиннің 75 жылдығы қарсаңында, арнайы «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген сериялы кітаптың да беташарын жасады. Ғылымға өлшеусіз үлес қосқан ғалымдарды насихаттауға арналып, университет баспасынан арнайы сериямен жарық көріп отырған алтыншы кітапта Өмірзақ Махмұтұлының өмірі, ғылым жолы, еңбектерң, академи жайындағы замандастарының естеліктері жазылған.