БИОЛОГИЯ ЖӘНЕ БИОТЕХНОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ МАГИСТРАНТЫ ШЫҰУ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ТҰРАҚТЫ ДАМУ САЛАСЫНДА ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ҮШІН ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚҰРАЛДАРҒА АРНАЛҒАН КҮЗГІ ОҚУ МЕКТЕБІНЕ ҚАТЫСТЫ

15.12.2023

Көрулер: 314

14 – 21 қараша күндері Мәскеу қаласы, Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетінде (РХДУ) «Тұрақты даму саласындағы жобаларды іске асырудың инновациялық құралдары» тақырыбы аясында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Университеті (ШЫҰУ) ұйымдастырған білім апталығы өтті. ШЫҰУ-нің күзгі мектебіне қатысуға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен «Биология және биотехнология» факультетінің «Биотехнология» мамандығы бойынша екінші курс магистранты Каншора Әсел Сабитқызы ұсынылып, шақырту алды.

2023 жылғы ШЫҰ Университетінің күзгі мектебіне ұйымға кіретін мемлекеттер студенттері (Ресей, Қытай, Қазақстан, Индия, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан), ШЫҰ бақылаушы елдері студенттері (Беларусь, Иран) және БРИКС елдері студенттері (Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасы) қатысты. Студенттерді университет ректоры Олег Ястребов жылы сөздерімен қарсы алды.

Бағдарлама бойынша 15 қараша күні РХДУ университетінің алаңында Ресейдің қатысуымен ШЫҰ Университеті Ұлттық ректоратының жыл сайынғы отырысы өтті. Мемлекеттік органдар мен қатысушы жоғары оқу орындарының өкілдері бір жылдағы жұмысын қорытындылады. Сондай-ақ университеттер ШЫҰ университеті арқылы өзара іс-қимылды кеңейту үшін ынтымақтастықтың жаңа форматтарын ұсынды. Қос диплом бағдарламасы бойынша РХДУ университетінде білім алушы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, экономика факультетінің 2 курс магистранты Әділет Аманжолұлына сөз берілді. Сонымен қатар, қазіргі таңда РХДУ университетінде білім беруші ұстаз, ҚазҰУ түлегі, Жұлдыз Абайқызы сөз сөйледі.

РХДУ халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Лариса Ефремова Ресей Білім және ғылым министрлігі мен Росынтымақтастықтың қолдауымен өткен кездесуінде сөз сөйледі және былай деп айтты: «ШЫҰ-ға мүше университеттердің өзінде болып жатқан күрделі саяси шындық пен тұрақты өзгерістерге қарамастан, білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту маңызды. Үндістан, Иран, Пәкістан және Өзбекстан университеттері есебінен әлеуетті жаңа қатысушылардың көбеюін ескере отырып, университеттердің өз деңгейінде өзара әрекеттесу бойынша күш-жігерді арттыру маңызды».

Білім апталығы барысында «Тұрақты даму саласы» бойынша студенттерге лекциялар оқылып, практикалық топтық тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, лекциядан тыс уақыттарда университетке және Мәскеу қаласының тарихи орындарына арналған турлар өтілді.

21 қараша күні білім апталығының жабылу салтанаты өткізіліп, Каншора Әсел Сабитқызы «Тұрақты даму саласындағы жобаларды іске асырудың инновациялық құралдары» бағдарламасы бойынша 36 академиялық сағат білім алғандығы туралы сертификатталды. Сонымен қатар, Әсел РХДУ университетінде «Өркениеттің тұрақты дамуы үшін: ынтымақтастық, ғылым, білім, технология (Африканың 17 SDGs жолы: интеграцияланған көзқарас)» конференциясы ашылуына қатысты. Оған Сьерра-Леоне мен Эфиопияның министрлері, сондай-ақ Алжир, Бразилия, Германия, Замбия, Үндістан, Индонезия, Марокко, Намибия, Эфиопия, Оңтүстік Африка және басқа елдердің жетекші әлемдік ғалымдары қатысты.