"Жауқазын - гүл өсіру" танымдық клубы

29.10.2022

Көрулер: 835

Жер бетіндегі тіршілікті сақтап қалу, экожүйені қалпына келтіріп отыру – тұрақты даму мақсаттарының бірі. Осы бағыт бойынша Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасында «Жауқазын» танымдық клубы жұмыс істейді. Клуб мүшелері өсімдіктерді, соның ішінде бөлме гүлдердің қандай түрлері бар екенін, гүлдерін қалай баптау керек және қалай көбейтуге болатынын зерттейді. Бөлме өсімдіктерінің маңызы өте зор. Олар біздің бөлмемізді тек әдемі етіп көрік бере қоймай, бөлменің, үйдің ауасын тазартады. Сондықтан өсімдіктерге дұрыс күтім жасау керек.

“Жауқазын гүл өсіру” үйірмесі назарларыңызға бөлме гүлдерін әдемі етіп өсіру мен баптауға арналған кейбір кеңестерді ұсынады:

• Бөлме өсімдіктерін бойына қарай ретімен орналастырады. Сонда олардың барлығына ауа мен жарық жеткілікті, өсуі қарқынды болады.

• Жаз мезгілінде күн көзі гүлдерге тікелей түссе, қурап кетпес үшін көлегейлеу қажет.

• Гүл әдемі болып өсу үшін, оған құятын суды 1 күн бұрын ыдысқа құйып, бөлме ішіне беті ашық күйінде қояды.

• Бөлме гүлдерінің түбіндегі топырақты қопсытып барып су құйса, жылдам өсуіне оң әсерін тигізеді.

• Әр кезде қант салынған су құю арқылы бөлме өсімдіктерінің түсін балғын күйінде және қуратып алмай өсіруге болады.

• Егер гүл түбіндегі топырағы құрғап, жарылып кетсе, өзен жағасындағы құмнан немесе ағаш үгіндісінен аз мөлшерде қосады.

• Ет жуған суды сүзгіден өткізіп гүлге құйса, өсу жылдамдығы екі есеге артады.