Профессор Мурзахметова Майра Кабдраушевнаның 75 жылдық мерейтойына арналған «Жасушаның молекулалық биологиясының заманауи мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстел БАҒДАРЛАМАСЫ

06.02.2023

Көрулер: 341

Өткізілетін орны: Алматы қ., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, биология және биотехнология факультеті, 214 аудитория.

Өткізілетін күні және уақыты: 17 ақпан 2023 ж., 11:00  

Дөңгелек үстелдің мақсаты – жасушаның молекулалық биологиясының жетістіктерін, даму перспективаларын және аса өзекті бағыттарын талқылау.  

 

Мурзахметова Майра Кабдраушевна – биология ғылымдарының докторы, профессор, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) биология факультетінің түлегі. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Физиология институтында аға зертханашыдан, мембраналар физиологиясы зертханасының меңгерушісі, ал, 1990 жылдан 1993 жылға дейін ғылыми хатшы ретінде қызмет атқарды. Кандидаттық диссертациясын 1983 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Биомембраналардың физикалық химия зертханасында қорғады.

 2001 жылы 03.00.13 – «Адам және жануарлар физиологиясы» және 03.00.04 – «Биохимия» мамандықтары бойынша биология ғылымдарының докторы атағын иеленді. Докторлық диссертацияның тақырыбы: «Экстремалды әсерлер кезіндегі биологиялық мембраналардың құрылымдық-функционалдық өзгерістерінің механизмдері және төзімділігінің артуы». 2015 жылдан қазіргі уақытқа дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология және биотехнология факультетінің биофизика және биомедицина кафедрасында профессор лауазымында қызмет атқарады.

Майра Кабдраушевна ғалым және ғылымды ұйымдастырушы ретінде биологиялық мембраналар қызметінің молекулалық механизмдерін зерттеу бағытын дамытуға зор үлес қосты. Ол ұйымдастырған және жүргізген зерттеулер ерекше бағыт болып табылады және экстремалды факторлардың, оның ішінде Қазақстандағы экологиялық кризис аймақтарына тән әсер ету жағдайында жасуша мембраналарының құрылымдық-функционалдық өзгерістерінің механизмдерін анықтауға арналған. Профессор М.К. Мурзахметованың жетекшілігімен мембраналар физиологиясы зертханасында орындалған жобаларды іске асыру нәтижесінде in vitro және in vivo жағдайында табиғаты органикалық және бейорганикалық токсиканттар әсері кезіндегі әртүрлі жастағы егеуқұйрықтардағы биологиялық мембраналардың жай-күйі зерттелді, биологиялық белсенді полифенолдар мен отандық өндірістің жаңа биопрепараттарының протекторлық қасиеттері анықталды, сонымен қатар, оларды қоршаған ортаның денсаулыққа зиянды факторларының әсерінен алдын алу шаралары ретінде пайдалану бойынша ұсыныстар әзірленді. Профессордың 267 ғылыми еңбегі бар, оның ішінде монография және 2 оқу құралы, жоғары рейтингтік индексі бар халықаралық беделді ғылыми журналдарда 20-дан астам жарияланымы жарық көрді.

Профессор Майра Кабдраушевнаның жетекшілігімен  6 кандидаттық, 4 докторлық және 1 PhD диссертация қорғалды. 2010 жылдан қазіргі уақытқа дейін профессор Майра Кабдраушевна Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Биотехнология институтының Д.03.12.022 диссертациялық кеңесінің мүшесі қызметін атқарады. 2014 жылы Майра Кабдраушевна «Жыл маманы 2014» номинациясы бойынша ұлттық сертификатпен марапатталды.

Майра Кабдраушевна инновациялық антиоксиданттық заттарды және диабетке қарсы және гепатопротекторлық әсері бар өсімдік тектес антиоксиданттық заттарды әзірлеу бойынша патенттердің иегері.

Майра Кабдраушевна - үлкен ғалым, ғылымды ұйымдастырушы ғана емес, сонымен қатар, көптеген шәкіртітеріне жан-жақты білім беруші ұлағатты ұстаз.

 

Модератор:

Кустубаева Альмира Мэлсовна – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты, профессор.

 

ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ БАҒДАРЛАМАСЫ

Уақыты

Тақырып

Спикер

11.00-11.15

Таныстыру сөзі

Заядан Болатхан Қазыханұлы –  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология және биотехнология факультетінің деканы, биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі.

11.15-

11.30

Мерейтой иесі туралы ақпарат

Жапаркулова Назгуль Иксанқызы, б.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының доценті.

11.30-11.50

Өсімдік препараттарының организм жасушаларына әсер ету механизмі туралы

Аралбаева Арайлым Нугмановна, б.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Медицина және денсаулық сақтау  факультеті, Іргелі медицина кафедрасының доценті.

11.50-12.10

SALVIA OFFICINALIS және оның компоненттерінің фармакологиялық қасиеттері

Айтбеков Ринат Нурмоллаевич, ҚР ҰҒА Генетика және физиология институтының кіші ғылыми қызметкері.

12.10-12.25

Митохондрия метаболизмінің өзгерісіндегі тотығу стресінің рөлін зерттеу

Үсіпбек Ботагөз Абдыханқызы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының аға оқытушысы, PhD

12.25-12.40

Қазақстанның оңтүстік шығыс бөлігінде өсетін дәрілік өсімдіктердің құрамындағы биологиялық белсенді қосылыстардың құрамын зерттеу

Сырайыл Саягүль – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының оқытушысы.

12.40-13.00

Мерейтой иесін құттықтау

Мерейтой иесінің шәкірттері мен әріптестері