Хоккайдо университетінде өткен тағылымдама

08.11.2023

Көрулер: 300

2023 жылдың сәуірінде мен тағылымдамадан өту мақсатында алғаш рет күншығыс еліне Жапонияның солтүстігінде орналасқан Саппоро қаласына келдім. Мен академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Жапонияның Хоккайдо университетіне оқуға бардым.

Хоккайдо университеті Жапонияның жеті ұлттық университеттерінің бірі болып табылады. ЖОО-ға алғаш келгенімде мен университеттің кең кампусы, сұлу табиғаты мен дамыған инфрақұрылымына куә болдым.

Мен JLCSP (Japanese Language and Culture Studies Program) бағдарламасы бойынша оқыдым. Аталған бағдарлама Хоккайдо университетімен келісімі бар шетелдік жоғары оқу орындарының бакалавриат студенттері үшін жапон тілі мен мәдениетін зерттеуге бағытталған. Сондай-ақ, студенттероқу барысында ағылшын тіліндегі немесе жапон студенттері оқитын дәстүрлі оқу бағдарламасына тиісті пәндерді таңдай алады.

Бағдарламаға қатысу үшін өтініш берген сәттен бастап, Қазақстанға оралғанға дейін академиялық алмасу бөлімінің қызметкерлері мені үнемі қолдап, кеңес беріп отырғанын ерекше атап өткім келеді. Барлық хабарландырулар мен жаңалықтар ағылшын және жапон тілдерінде біздің электронды пошталарымызға жіберіліп жүрді. Академиялық алмасу бөлімінің қызметкерлерінің жедел және тиімді жұмысының арқасында мен Жапонияда сәтті түрде кәсіби тағылымдамамнан өттім.

Университеттегі сабақтар жапон тілінде өткізілді. Сонымен қатар, мен Жапония тарихы пәнін, сондай-ақ жапон студенттерімен бірге оқыған тағы бір пәнді таңдадым. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы негізінде берілген тағылымдамаға қатысқанның арқасында мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі ұлт өкілдерімен таныстым. Мәселен, менің сыныбымда Қытай, Италия, Канада, Швейцария, Франция, Вьетнам және т.б. мемлекеттерден келіп оқыған студенттер болды. Жапон студенттерімен бірге оқыған сабақтарда күншығыс елінің қоғамына тән мүлдем өзге атмосфераны сезіндім. Жалпы, оқу барысында мен жапон тіліне қатысты білімімді одан әрі тереңдетіп, кәсіби дағдыларымды жетілдіре алдым деп ойлаймын.

Жалпы Жапониядағы студенттік өмірдің қызықтары көп екен. Мәселен, жапондардың студенттік өмірінің бір ерекшелігі - "Букацу" мәдениеті. "Букацу" мәдениеті (үйірме клубтары) білім беру жүйесінің барлық кезеңденінде таралатын жапондық білім беру жүйесінің ерекшелігі болып табылады. Оқу жылының басында әрбір клуб немесе ұйым жаңа келген бірінші курс студенттері үшін бағыт бағдар беру жұмыстарын жүргізеді. Бұл үйірмелердің студенттердің болашағы үшін беретін пайдасы мол деп ойлаймын.

Мен өзімнің Жапониядағы студенттік өміріме қатысты айтар болсақ, мен үшін Жапонияда өткізген уақытымның ең жарқын естеліктерінің бірі - "Хокудайсай" фестивалі. Жыл сайын шілденің екінші жұлдызында Жапонияда осы мерекеге орай ресми демалыс болады. Әдетте бұл күні қала тұрғындары достары мен отбасыларымен бірге көңілді уақыт өткізеді.

Жапонияда өткізген бес айлық тағылымдамама қатысты ой-пікірімді қорытындылай келе, берілген тәжірибе мен үшін өте құнды және пайдалы болды деп айтқым келеді. Сайып келгенде, мен тілдік дағдыларымды дамытуда айтарлықтай жетістіктерге жеттім, шетелдік достар таптым, сондай-ақ, өз болашақ мамандығыммен байланыстыратын ел туралы түсінігімді кеңейттім.

ҚАБЫШ Азиза

Шығыстану факультетінің 3-курс студенті