Қиыр Шығыс кафедрасында шетелдік студенттердің ұлттық мәдениетімен танысуға арналған іс-шара өткізілді

17.10.2023

Көрулер: 243

    Тәуелсіз еліміздің негізгі бағыты елдің ынтымағы мен бірлігінде.  Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті - бейбітшілік мекені. Қазақстан жерін мекендейтін халықтардың достық, туысқандық қарым-қатынасы, оларды біртұтас мақсатқа жетелейтін жетекші ұлттық мүдде болуы қазіргі саясаттың маңызды бөлігіне айналды. Қазақстанның даму, өсу, өркендеу жолындағы басым бағыттарының бірі — ұлттық келісім, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің жоғары деңгейі.

    Ежелден қалыптасқан дәстүрімізге сай келген қонақты төріне шығарған қазақ халқы өзге ұлтқа да осындай сый құрметінен аянбаған. Елімізде бейбітшілікті қолдау ұлттар арасында бірлікті сақтау әрбір азаматтың міндеті. Сол себептен білім ордаларында да білім алушы жастарғада ұлтаралық достықты сақтау, ынтымақтастығымызды арттыру мақсатында студенттер арасында бірлікке бастайтын іс-шаралар өткізіліп тұрады.

    Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уиниверситетінің Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасында 2023 жылдың 14 қазанында «Қазақ халқының ұлттық мәдени мұрасымен және шетелдік студенттердің дәстүрлі мәдениетімен танысу» тақырыбында онлайн кездесу болып өтті. Бұл іс-шараға   Қиыр Шығыс кафедрасының оқытушылары мен студенттері және шет елден келіп білім алып жатқан бірінші курс студенттері қатысты.  

    Кездесу барысында қазіргі замандағы ұлтаралық және мәдениетаралық қарым-қатынастардың маңыздылығы жөнінде сөз қозғалып пікірлер айтылды. Әр топтың студенті өзі оқитын елінің мәдениетін таныстыра отырып тәжірибесімен бөлісті. Олардың қатарында корейтану бөлімінің 4-курс студенті Пак Лия Корея Республикасында білімін жалғастыру кезінде алған тәжірибесімен бөлісіп корей мәдениетімен таныстырды. Жапонтану бөлімінің 1-курс студенті Степанов Артем туған жері Якут елінің мәдениетімен таныстыра отырып тілдердің ұқсастық жақтарына ерекше тоқталып өтті. Ол қазақ тілімен якут тілінің ұқсастығы және әлі күнге дейін якут елінде шаманизмнің сақталғандығын, қазақ мәдениетімен жақын екендігіне басымдылық беріп қонақжайлық орындарымен таныстырды.   Чувашия республикасының мәдениетімен таныстыруда жапонтану бөлімінің 1-курс студенті Наумов Ильяның өз презентациясында орыс әдебиетін қамтып     чуваш мәдениетіне қатысты мазмұнды ақпараттармен бөлісті. Қонақжай қазақ мәдениетімен таныстыруда корейтану бөлімінің 3-курс студенті Мамбетова Надира шетелден келген студенттерімізге кең байтақ еліміздің ақ дастарханын, демалуға қолайлы тамаша туристік орындарына бағыт-бағдар беріп, университетіміздің артықшылықтарымен болашаққа деген жоспарларымен бөлісті.

    Қиыр Шығыс кафедрасының студенттері әр ұлттың мәдениетімен   ерекшеліктері мен ұлттық құндылықтарымен танысып өзара бөлісіп, кездесу соңында қызықтырған мәселелерді ортаға салып талқылады. Әсіресе шет елден келген студенттер үшін қазақ жері, қаламыз, тіліміз, мәдениетімізбен танысу ерекше әсер қалдырды.

Қиыр Шығыс кафедрасы

Корейтану бөлімінің меңгерушісі Жаханова Ж.А.

Жапонтану бөлімінің меңгерушісі Тазабекова Г.Б.