Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Кореядағы оқуым
Көрулер: 788
Мен Ерикова Еркеназ 2022ж 1 қыркүйек пен 2022ж 31 желтоқсан аралығында Оңтүстік Корея мемлекетінде Йонъин қаласындағы Кангнам университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында 4 ай оқу сапарында болдым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерге "таңғы шық" елінде білім алуға мүмкіндік береді. Университет менің көптен бергі арманымды жүзеге асырғанына алғысым шексіз.
Кореяда өмір сүре отырып, мен Корей мәдениетіне жақындай бастадым. Күнделікті тәжірибе арқылы мен корей тіліндегі дағдыларымды едәуір жетілдіріп, жаңа таныстармен қарым-қатынас орнаттым. Университет басшылығымен өткізілетін фестивальге қатыса отырып, студенттік өмірді сезінуге мүмкіндік алдым. Кәріс студенттермен араласу менің корей тілінде сөйлеу дағдыларыма оң әсер етті. Сонымен қатар университет шет елдік студенттерге бір күндік экскурсия өткізді. Біз әртүрлі тарихи мұраларды араладық. Ежелгі тарих пен рухани орындардың жанасуымен бұл сапар мәңгілікке жарқын әсер қалдырды.
Менің өмірімдегі бұл кезең, сөзсіз, есімде қалатын баға жетпес тәжірибе. Осындай ауқымды мүмкіндіктерге ие болғанымның бірден бір себепкері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылар құрамына алғысымды білдіремін.
Мен алған тәжірибе болашақта өз жемісін береді деген үміттемін. Барлық білімімді жинап, өз ісімнің жақсы маманы боламын деп сенемін!
Шығыстану, 3 курс
Ерикова Еркеназ Канатбековна






