ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАПОН ТІЛІНЕН ШЕШЕНДІК ӨНЕР САЙЫСЫНЫҢ БАС ЖҮЛДЕСІН ЖЕҢІП АЛДЫ

14.03.2022

Көрулер: 1092

Биыл 24-ші рет өткізілген шешендік өнер сайысы Қазақстандағы Жапония елшілігі, Қазақстан жапон тілі оқытушылары қауымдастығы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен өтті. Сайысқа әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылай-хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығы, Грин Степ оқу орталығынан жалпы 16 студент қатысты.

2022 жылы Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнауына 30 жыл толуына орай, осы сайыс сол мерей тойға арналды.

24 жыл бойы жалғасып келе жатқан бұл тілдік сайыс Жапония мен Қазақстан арасындағы тығыз дипломатиялық, достық, өзара ынмақтастық қарым-қатынастың бір айғағы іспеттес. Сайысқа Қазақстандағы жапон кәсіпкерлер қауымдастығы, Қазақстандағы жапон қауымдастығы, Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығы, Жапонияның Цукуба Университеті, Жапонияның «Silk road» қоғамдық ұйымы, Sony Electronics компаниясы, Қазақстандық “New & Rare Resources” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолдау көрсетті.

Шешендік өнер сайысын Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямада сөз сөйлеп, ашты. Сонымен қатар Қазақстанның Жапониядағы елшілігінде кеңесші-уәкіл Құрмансейіт Батырхан мырза, Қазақстан-Жапония Жібек жолы қауымдастығының басшысы Уеда Казуо мырза құттықтау сөздерін айтты.

Сайысқа Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямада, Қазақстандағы жапон кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Икеда Хирощи, Қазақстандағы жапон қауымдастығының төрағасының орынбасары Нозому Ямато және жапон тілі оқытушылары әділ қазылық етті. Шешендік өнер сайысының бас жүлдесі – Жапонияға жолдаманы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 3-курс студенті Көмекбай Мадина «Жапондар үйреткен патриотизм» деген тақырыбымен иеленді. Сонымен қатар 3-орынды да университетіміздің 3 курс студенті Серікбекова Нұрайым «Асқақ арманға жету жолы» тақырыбымен қанжығасына байлады. Факультетіміздің түлегі, Қазақстанның Жапониядағы елшілігінде кеңесші-уәкіл Батырхан Құрмансейіт атындағы арнайы жүлдені Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенті Пелевина Карина «Жаппай жойылу. Біз не істей аламыз» деген тақырыбымен иеленді.

Сайыс үздіктеріне Жапонияның «Silk road» қоғамдық ұйымының қолдауымен жарық көрген жапон тіліндегі «Абай» кітабы тарту етілді. Сондай-ақ сайысқа қатысқан барша үміткерлерге Қазақстандағы Жапония Елшілігі, Жапонияның Цукуба университеті дайындаған ынталандыру сыйлықтары табысталды.