ЖАПОНИЯ СТУДЕНТТЕРІНЕ АРНАЛҒАН КИОТО УНИВЕРСИТЕТІ ТҮЛЕГІНІҢ ҚАЗАҚСТАН ТУРАЛЫ ДӘРІСІ
Көрулер: 2422
Қиыр Шығыс кафедрасы биылғы көктемде қысқы семестр аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кампусында Жапонияның 47 студентін қарсы алды. Олардың арасында Токио Университетінің (The University of Tokyo), Цукуба Университетінің (Univesity of Tsukuba), Токио Шет Тілдер Университетінің (Tokyo University of Foreign Studies), Коучи Университетінің (Kochi University) жоғары курс студенттері болды.
Киото Университетінің (Kyoto University) түлегі, Қиыр шығыс кафедрасының доценті, Ph.D Ахапов Е.А. Жапониядан келген қонақтар арасында жүргізілген сауалнама бойынша Қазақстан территориясында далалық зерттеулер жүргізуді де қарастыратын, «Аймақтану. Орталық Азия саясаты, экономикасы және мәдениеті» курсының дәріскері ретінде ең мықты, ең жарқын әсер қалдырыпты.
Ph.D Ахапов Е.А. екі апта бойы жаңа зерттеу әдістерін пайдалана отырып, интербелсенді формада жапон студенттеріне дәріс оқыды. Студенттерді өзінің ғылыми лабораториясының жұмысымен таныстырып, оларға «Қазақстанның экологиялық мәселелері: Алматы қаласының мысалында» тақырыбында лекция оқып, бірлескен ғылыми жобаға қатысуға шақырды. Дәріс жоғары деңгейде өтті, студенттер өз университеттерінде осындай семинар өткізуге шешім қабылдады. Дәріс еліміздің мақтанышы Медеу мұзайдынында жалғасты. Жапон студенттері «қазақ тауларының таза ауасын» сезініп, елдеріне оралды.
Токио университетінің 19 студентін алып келген топ басшысы, қауымдастырылған профессор Окада Теруэ (Okada Terue) өз сөзінде «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті туралы Жапонияда айтып беруге және осы жаққа тағы да келуге жапондық студенттерде зор мүмкіндік пайда болды» деп ойын жеткізді.






