Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жылдығына орай «Хантәңірінің Мұзбалағы» тақырыбындағы ашық сабақ

18.10.2021

Көрулер: 1081

География және табиғатты пайдалану факультетінде 18 қазан күні "табиғи-техногендік тәуекелдер" және "Геоинформатика" мамандықтарының 1 курс студенттерімен ZOOM платформасы арқылы оффлайн форматта Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына орай ашық сабақ өткізілді. 

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (9 ақпан 1931, Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз  — 27 наурыз 1976, Алматы). Шын аты Мұхаммедқали – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын. Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған.

Ақынның тұңғыш өлеңдері “Қырман басында”, “Қойшы бала — Әкітай” ауданындағы “Советтік шекара” газетінде жарияланды (1949). “Інімнің ойы”, “Шебер” өлеңдері “Жастық жыры” атты жинаққа енді (1951). Алғаш Мұқағали талантын бағалаған Ә.Тәжібаев: “Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!” деген еді (“Қазақ әдебиеті”, 18.3.1960).

Мұқағалидің “Ильич”, “Ақ қайың әні”, “Ару-ана”, “Мавр”, “Аққулар ұйықтағанда”, “Қырандастар, қош болыңдар”, “Чили-шуағым менің”, “Шекарада”, “Большевиктер”, “Өмірдастан”, “Арман”, “Шолпан”, “Досыма хат”, “Алтай-Атырау”, “Отаным, саған айтам”, “Райымбек! Райымбек!”, “Қашқын”, “Жер үстінен репортаж”, «Моцарт». Жан азасы” атты поэма-толғаулары бар. 650-ден астам лирикалық өлеңдерінде адам өмірінің мәні, әсемдік пен сұлулық, тазалық, ерлік, елдік, туған жер турасында терең толғаған.

Ашық сабақ барысында студенттер Мұқағали Мақатаев жайлы ақпараттармен танысып, ой бөлісіп, өз пікірлерін ортаға салды. Ақынның жырларынан үзінділер оқып, орындалып жүрген әндерімен танысты.