"Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдары" атты тәрбие сағаты

16.12.2021

Көрулер: 1600

   6 желтоқсанда мереке қарсаңында, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің айтулы күнінің дөңгелек күнін қоса атқару бойынша "6B05206-табиғи-техногендік қауіптер" және "6в07302 – Геоинформатика" топтарына ZOOM платформасында ашық сабақ форматындағы іс-шара сағат 15:00-де өткізілді.

   1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Тәуелсіздік — тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар жасадық. Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде. Тәуелсіздік — біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы тәуелсіздіктен бастау алады.

   Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары мойындады, екінші болып айдаһардай айбарлы Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті мойындады. Иран — Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мұсылман мемлекеті. Ал «Тәуелсіздігімізді ең алғаш болып бауырлас Түркия мемлекеті мойындады» деген сөздің ақиқат еместігін білгеніміз жөн. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілігін ашты, бірақ тәуелсіздігімізді мойындауда он жетінші болды. Бұл деректі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған, елдің сыртқы саясат тұжырымдамасы авторларының бірі болған Вячеслав Ғиззатов келтірген. Алғашқы күндері әлемнің салмақты елдері мойындап, кейіннен басқа да елдер мойындап жатты. Осылайша әлемдік саясат аренасында ҚАЗАҚСТАН деген мемлекет тәй-тәй басты. Небары бірнеше аптаның ішінде әлемнің көптеген беделді елдері Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық қатынастар басталды.

   Тарихты жасайтын тұлғалар тағлымы өскелең ұрпақтың ұлт мүддесіне қызмет етуіне жол ашып қана қоймай, әлемдік өркениеттің дамуына да ықпал етеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан халқы ынтымақтасып, жалпыұлттық, ұлтаралық бірлікті нығайтуға, рухани-мәдени жаңғыруға қол жеткізілді. Қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз Республикамыз Кеңес империясынан мұра болып қалған көптеген өткір де өзекті мәселелердің шешімін тауып, саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларға да реформалар жүргізілді.