Жетім көрсең жебей жүр...

23.05.2018

Көрулер: 3838

Жетім...Бұл жалғыз сөздің өзі жүрекке қалай ауыр тиеді... «Жетім көрсең жебей жүр» деп, бұрынғы ата-бабаларымыз жетім-жесірін аялап ұстап, жылатпаған. Адам баласының бәрінің баратын жері – біреу. Бірақ біреуге – ерте, біреуге – кеш. Жастай үзілген жандардың артында еңіреп ұрпақтары қалып жатыр. Тұл жетім қылған тағдырға дауа бар ма?! Ал қазір, өкінішке орай, жетімнен қарағанда тастанды бала көп...

Қазіргі кезде Үкіметіміз балалар үйіне барынша жағдай жасаған. Бұған біздің Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіміздің география және табиғатты пайдалану факультеті “метеорология” мамандығының студенттерімен бірге «Ақ үміт» балалар үйіне барғанда көзіміз жетті. ҚазҰУ-де сауапты іске баулитын бағдарламаларының бірі «Айналаңды нұрландыр» бағдарламасы аясында біз осы «Ақ үміт» балалар үйіне барып, ерекше әсер алып қайттық.

Балалар үйіне кірген бетте алдымыздан жүзі жылы, көздерінен нұр шашылған тәрбиешілер қарсы алды. Олар бізді балалар отырған бөлмеге апарды. Мөп-мөлдір пәк көздерімен жымия қараған балалар алдымыздан жүгіріп шығып, жанымызға келді. Іштей жүрегіміз тулап, көңіліміз босап тұрса да сыртқа білдірмей, біз де оларға күле қарадық. Барлығын әңгімеге тартып, бір-бірімізбен таныса жөнелдік. Бәріміз бірге олардың жақсы көретін әндерін шырқап, ойындарын ойнап, көңіл көтердік. Әрбіреуінің қуанышқа толы көздері біздің жүрегімізге жылу сыйлады. Олардың сол жүздерін көріп, барынша көп уақыт қасында болғымыз келді. Өкінішке орай, тәрбиешілердің бізге берген уақыты бітіп, балалармен қоштасуымызға тура келді. Олардың «кетпеңіздерші» деген бірауыз сөздері көңілімізді жабырқатты. Бір сағаттың ішінде бір-бірімізге бауыр басып, қимай қоштастық. Бірақ қанша қамқор болсаң да, өз отбасыңа, ата-анаңның айтқан «айналайын» сөзінің жылылығына ештеңе жетпейтінін ешкім тағы да жасыра алмады. Біз де оны байқамай кетпедік…Қазақ Ұлттық университетімізді ешқашан ұмытпай, сағына тағы күтетіндерін айтып қала берді...