2019 жылы 18 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында «Атом апатының қауіп-қатерін жеңуге арналған ядролық қаруға қарсы қозғалыстың жетістіктері мен мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар отыз жылдық кезеңдегі Қазақстандағы және әлемдегі антиядролық қозғалыстың қызметіне талдау жасап, дамудың негізгі кезеңдерін анықтап, болашаққа жоспарлар жасады. Конференцияға қатысушылар Қазақстанның алғашқы қоғамдық ұйымы – дүниежүзіндегі ең беделді және бітімгершілік қозғалыс «Невада-Семей» Халықаралық антиядролық қозғалысының бейбітшілік үшін күресте маңызды рөлін атап өтті. Адамзат алдындағы қызметі үшін ЮНЕСКО-ның шешімімен қозғалыс «Әлем естелігі» дүниежүзілік тізіміне енгізілгені де бекер емес. Қозғалыс мұндай жетістікке әлемде алғаш рет халықтық және парламенттік дипломатияның өзара әрекеттесуі – жалпы қарусыздану жолындағы алғашқы нақты қадамды, планетадағы ең үлкен полигондарда ядролық сынақтарды тоқтату – жаңа үлгісі арқылы қол жеткізді.