Қырым Алтынбеков атындағы көрме-фойе және «Қазақтардың сәулет ескерткіштері»

18.04.2023

Көрулер: 963

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде белгілі суретші Қырым Алтынбеков атындағы көрме-фойе және «Қазақтардың сәулет ескерткіштері» фотогалереясының салтанатты ашылуы өтті.
 Көрме-фойеге белгілі суретші-реставратор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қырым Алтынбековтің жұмыстары қойылды.
 «Қазақтың сәулет өнері ескерткіштері» атты фотогалерея қазақ халқының дәстүрлі білімдер жүйесіндегі халықтық сәулеттік өнер түрлерін дамытудың аймақтық ерекшелігімен таныстырады. Қазақ жерінің батыс өңірінің киелі жерлеріндегі этнографиялық ескерткіштер – кесенелер, мешіттер, қабір үстіне қойылатын тастардың түрлері: құлпытас, сандықтас, қойтас, қошқартастардың сақталуы ерекше назар аудартады, сонымен қатар, олар қазақ халқының ежелгі сәндік-қолданбалы өнеріндегі тас қашау өнерінің бірегей үлгілері. Белсенді қолданыстағы құдықтар түрлерімен қатар, қабырғасы таспен шегенделген, жойылу қаупіндегі және шұғыл қорғауды қажет ететін кейбір қарауыл-құдық түрлері көрсетілген.
 Шараға белгілі ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы мен БАҚ өкілдері қатысты.