Мәнерлеп оқу сайысы өтті

29.10.2015

Көрулер: 6593

ҚазҰУ студенттері мәнерлеп оқудан сайысты

2015 жылдың 29 қазанында Қазақстан Халықтары тілдері күніне орай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология және әлем тілдері факультетінде, жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының жанындағы «Орыс тілі және мәдениеті» орталығының ұйымдастыруымен мәнерлеп оқу сайысы болып өтті. Байқауда Элеонора Дюсеновна Сулейменова – Халықаралық жоғары мектеп ғылымы академиясының академигі, Қазақстандағы орыс тілі және әдебиеті оқытушыларының ассоциасының президенті, Мадиева Гүлмира Баянжанқызы – жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ибраева Жанар Кұлматқызы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, Таусоғарова Аяужан Қайратқызы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты қазылық етті.

Мәнерлеп оқу байқауына журналистика, философия және саясаттану, филология және әлем тілдері факультеттерінің студенттері қатысты. Студенттер А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, С. Есенин, А. Ахматова және т.б. орыстың классик ақындарының өлеңдерін, сондай-ақ Абай, Шәкәрім өлеңдерінің орыс тіліне аудармаларын мәнерлеп оқыды. Мәнерлеп оқуда студенттердің таланттары бірінен-бірі асып, байқау қонақтары мен әділ қазылар алқасының көңілдерінен шыға білді. Бұл байқауда филология және әлем тілдері факультетінің екі шет тілі мамандағының 1 курс студенті Хусаинова Амина 1 жүлделі орынға ие болды. Ал екінші орында қанжығасына байлаған филология және әлем тілдері факультетінің екі шет тілі мамандағының 1 курс студенті Кумисбекова Айман болды. 3 жүлделі орынға Алматы қалалық №138 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Медетбекова Сымбат ие болды.

Байқауда әуезді әуендер шырқалып, байқау қатысушылары мен қонақтарының көңілдерін көтеріп, байқаудың қызықты өтуіне септіктерін тигізді. Байқау өте тартысты болды. Сайыс соңында әділ қазылар алқасы сөз сөйлеп, жеңімпаздар дипломдар және сыйлықтармен марапатталды.