«Мәңгі есімде желтоқсанның ызғары» тәрбие сағаты

 

Биыл 2021 жылы дүниені дүр сілкіндірген желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы және егеменді еліміздің Тәуелсіздігін алғанына 30 жыл толған мерейлі тойы қатар келіп отыр. Осыған орай 10.12.2021 ж. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасының доценттері Н.Қ.Мынбатырова, А.Ж.Жарболова және «Мемлекет және құқық тарихы» студенттік клубы мүшелерінің ұйымдастыруымен онлайн форматта «Мәңгі есімде желтоқсанның ызғары» атты тәрбие сағаты өтті. Тәрбие сағатына кафедра оқытушылары, магистранттары және №18 жатақханада тұратын заң факльтетінің студенттері қатысты.


Аталмыш іс-шара – студенттерді Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шыққан от жүректі өжет мінезді ұл-қыздардың ерлік істеріне мәңгі құрмет көрсетуге баулуға, тәуелсіздікті бағалай білуге, ұлтжанды, елжанды болуға, елінің тәуелсіздігі жолында күрескен ерлердің қаһармандығы мен күрескерлік ерліктерін әрдайым есте ұстауға, үлгі ете білуге үйрету мақсатын көздеп өткізілді.


Студенттер 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының болу себептері және осы оқиғаның тарихи маңызы туралы баяндамаларын ұсынды. «Желтоқсан оқиғасына» байланысты өлең шумақтарын мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ тақырып желісі бойынша презентация көрсетіліп отырды.


Кеш соңында з.ғ.к., доценті А.Ж.Жарболова қорытынды сөз сөйледі. Ол студенттерді еліміздің егемендік алған күнімен құттықтап, азат еліміздің ертеңіне үлкен үмітпен қарайтынын жеткізді.

 


 

 

 

 


 

 

 

 



Басылым күні :  13.12.2021