«Инклюзивті білім беру жағдайындағы заманауи технологиялар»

5 наурыз күні 2020 ж. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде «Инклюзивті білім беру жағдайындағы заманауи технологиялар» білім беру бағдарламасының бірінші курс магистранттарына арналған (дәріс беруші: п.ғ.д., профессор А.Б.Мукашева) «Инклюзивті білім беру жүйесіне кәсіби дайындық» пәні бойынша бинарлық дәріс ұйымдастырылды.
Бинарлық дәрісті өткізу үшін С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің нейрохирургия курсымен жүйке аурулары кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Мұхамбетова Гүлнар Амерзаевна шақырылды.
Дәріс барысында магистранттар медицина саласындағы көптеген қызықты нәрселерді, оның ішінде баланың жүйке ауруларының себептерін, әр-түрлі жүйке аурулары көріністерінің белгілерін, сондай-ақ қажет болған жағдайда білім беру ұйымдарындағы балаларға алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін білді. Гүлнар Амерзаевна инклюзивті білім беретін мектептің тәжірибесін және медициналық білімді ескере отырып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен жұмыс жасаудың қажеттілігін таныстырды және көрнекілік арқылы көрсетті.
Сөз соңында дәріс беруші мен магистранттар Гүлнар Амерзаевнаға алғысын білдіріп, келе жатқан 8-наурыз әйелдер мерекесімен құттықтады, кәсіби қызметінде үлкен табыс, амандық және көтеріңкі көңіл-күй тіледі!



Басылым күні :  13.03.2020