Айналаңды нұрландыр

Қарттарын ардақтап, олардың алдынан кесе-көлденең өтпей, ақ батасын алу-халқымыздың қанына сіңген тамаша әдет-ғұрып. Ақылы дария қариялардың өсиетін тыңдап, сөзін санаға түйіп өскен елдің ұрпағымыз.

20 қараша 2018 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығының, философия және саясаттану факультетінің 1 курс магистранттары куратор-эдвайзер, педагогика және білім беру менеджмент кафедрасының доценті Ж.Ш.Бактыбаевтың жетекшілігімен Алматы қаласы, №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы қариялармен кездесіп қайтты. Орталықтағы қарттардың хал-жағдайын біліп, бірге отырып әңгімелесті. Қарияларға арнайы дастархан жайып, сырлы сұхбат ұйымдастырды. Ата-апаларымыздың қилы да қызықты еңбек жолы, тағдыр тәлкегіне тап болса да, мойымайтын күш-қайраты жастарды жігерлендірді.

Магистранттар қарттарымыздың сүйіп тыңдайтын әндерін шырқап, өздерінің жүрек жарды өлеңдерін оқып, естелік сыйлықтарын табыстады.

Кездесу соңында қарияларымыз ризашылықтарын білдіріп, баталарын берді. «Қарты бардың – қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Қарттарымызды қадірлеп, бағалай білейік!

Басылым күні :  07.12.2018