Қазақ атын танытсын үш тұғырлы тіл!

«Үштұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етті. Ал 2007 жылғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты халыққа жолдауында “Тілдердің үштұғырлылығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Қазақстан халқының рухани дамуымен қатар, бұл идея ішкі саясатымыздың жеке бағыты болып белгіленді. Яғни, идеяның негізі мынадай: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлт-аралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Басқаша айтқанда, үштұғырлы тіл идеясын мынадай әрі қарапайым, әрі түсінікті формуламен көрсетуге болады: мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз.

Елбасымыздың «Үш тұғырлы тіл» саясатына қолдау көрсеткен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының, Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығының 4 курс студенттері кураторы Самал Амиргалиевнаның басшылығымен "Айналаңды нұрландыр" жобасы аясында 22-қыркүйек-«Тілдер мерекесіне» байланысты 19.09.2016 жылы «Қазақ атын танытсын үш тұғырлы тіл!» атты іс-шара  өткізді. Ашық сабақ барысы тақырыбына сәйкес 3 үш тілде басталды. Жүргізушілердің, Айтбекова Жансая, Алимжанова Жанар, Махатай Айжан, құттықтау сөздерінен кейін, студенттер мен келген қонақтар Қазақ елінің әнұранын шырқады. Жүргізушілердің үш тілдегі баяндамаларынан кейін, Өмірқұлова Айгерім «Қазақ елім» әнін шырқап, көрмендерге керемет көңіл күй сыйлап, қазақ тілінің абыройын асқақтатты. Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырған ел даналарының өлеңдерін студенттер Айтбекова Жансая, Махатай Айжан, Сабралиева Бинура қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқып, өздерінінің бәсекеге қабілетті үш тілді меңгерген маман екендерін дәлелдеді. Үш тілді жақсы меңгергендерін дәлелдеу үшін студенттер арнайы ұйымдастырылған ойынға қатысып, бір серігіп қалды. «Тіл – ұлттың сүйенетін тамыры, сынайтын тәңірі» деп қазақ халқының даралары айтып кеткен мақал-мәтелдерден Тұрғынова Мөлдір және Сафидуллаева Гулім сайыс өткізді. Топ болып студенттер «Жаса Қазақстан» әнін шырқады. Рахматулла Жамиля және Өтебаева Алина Еліміздің президенті Н.А.Назарбаевтың «Үш тұғырлы саясаты» елімізде қаншаықты деңгейде атқарылып жатқанынан хабардар етіп, топтың талқылауына салып, студенттер мұғалімдермен пікір алмасты. Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығының 4 курс студенттері Құттыбек Арайлым, Рахматулла Жамиля, Өтебаева Алина, Мышан Жұлдыз, Исақожа Балғын, Қалыбек Аяжан, Батрбек Эльмира, Әділхан Дина және Әріпбай Азамат ұйымдастыру шараларына белсене араласып, безендіру жұмыстарын, ақпараттандыру презентациясын дайындады. Қонаққа келген Молдасан Қ. және Махамбетова Ж. педагогтар пікірлерін білдіріп, ойларымен бөлісті.

Тіл арқылы өзге елдің мәдениетін, тарихын білуге болады.Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз жолдауында Қазақстанның әлемдегі барынша дамыған және бәсекеге қабілетті елдердің қатарына кіру стратегиясын ұсынған болатын. Онда осы міндеттерді шешуге жәрдемдесетін дамытудың жеті басым бағыты анықталған. Елбасы: «Бұл шешуші басымдықтардың бірі- осы заманғы білім мен озық ғылымды дамыту болып табылады» деп нақты көрсеткен. Қорыта айтқанда: «Білекке сенер заманда-ешкімге есе бермедік. Білімге сенер заманда – қапы қалып жүрмейік » – деп Абылай хан айтып кеткендей, ертеңгі күннің болашағы бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән екенін естен шығармайық.

Басылым күні :  27.09.2016