Студенттер үйіндегі семинар-тренинг
2023 жылғы 9 қарашада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ № 9 студенттер үйінің акт залында «БҰҰ-ң Тұрақты даму жөніндегі концепциясын» іске асыру аясында «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығының 3 курс студенттері «Психикалық денсаулық және оған әсер ететін факторлар» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырды. Іс-шараға «Психология», «Философия», «Дінтану», «Педагогика және психология» мамандықтарының 1-3 курс студенттері қатысты.

Кездесу модераторы Э.Т.Баярыстанова Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық мемлекеттердің 2015 жылы қабылдаған Тұрақты даму мақсаттары туралы қысқаша ақпарат берді және «Қоғамды тұрақты дамытудың 17 мақсаты» тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтып берді. Сондай-ақ ол ұйымдастырылып отырған семинар-тренинг арналған «Салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және кез келген жастағы барлық адамдардың әл-ауқатына жәрдемдесу» атты үшінші мақсатқа толығырақ тоқталды.
Семинар спикері А.Б.Мукашева «Ақыл-ой мен дененің байланысы: психосоматикаға саяхат» тақырыбына баяндама жасады, сөз соңында «Менің жағымды қасиеттерім» атты тренинг өткізді және денсаулық түрлерінің үйлесімділігін қамтамасыз етіп, оны сақтау және нығайту жөнінде ұсыныстар берді.

Психолог А.Мейрамбекұлы психикалық денсаулыққа жағымсыз әсер ететін факторларға талдау жасай отырып, дағдарыс жағдайында эмоцияларды басқару, күйзеліс пен мазасыздықты игеру бойынша практикалық кеңестер берді.







