Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультеті педагогика және білім беру менеджменті кафедрасы 8-14 жас аралығындағы балалардың әлеуметтік дағдыларын дамытуға арналған «Camp for All» атты инклюзивті жазғы күндізгі лагерь жұмысын бастады.
Аталмыш лагерь 2023 жылдың 12 маусымы мен 23 маусым аралығында күнделікті сағат 10.00-18.00 аралығында Фараби кітапханасы базасында өтеді.
Лагерьдің мақсаты балаларға өзін жән өзгені құрметтеуді, жаңа ортаға бейімделуді, өз құрдастарымен, ересектермен қарым-қатынас жасауды үйрету. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, мейірімді болу секілді адамзат құндылықтарын дәріптеу. Сондай-ақ оқушылар екі апта көлемінде актерлік шеберлік, би, робототехника, ботаникалық саябақта экскурсия, Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі, ҚР Орталық музейі және т.б. қаламыздың мәдени-ағарту орындарына барып шебер сыныптарына қатысады.
Философия және саясаттану факультеті педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының ұсынысымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығының қолдауымен өткізіп отырған іс-шараға кафедра оқытушылары мен Сүлеймен Демирель атындағы университеттің оқытушылары да ат салысуда.
Сондай-ақ Философия және саясаттану факультеті педагогика және білім беру менеджменті кафедрасында 7М01103-Инклюзивті білім беру жағдайындағы заманауи технологиялар мен Асфандияров атындағы ҚазҰМУ бірлескен 7М01106-Инклюзивті білім беруді медициналық-педагогикалық сүйемелдеу білім беру бағдарламалары жұмыс жасауда.
Аталмыш іс-шараны өтуіне қолдау көрсеткен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжым басшылығына алғыс білдіреміз.

















