Тәуелсіз елім Қазақстаным, Тәуелсіздік бастауы желтоқсан

24.11.2021 ж. сағ. 19:30-де «Әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану» мамандығының 3 курс, «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығының 1 курс студенттерімен педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы Ақбаева Гүлшат Мейрханқызының ұйымдастыруымен «Тәуелсіз елім Қазақстаным, Тәуелсіздік бастауы желтоқсан» атты тақырыбында Zoom платформасында онлайн форматта кураторлық тәрбиелік шара өткізілді. Кураторлық тәрбиелік шарада студенттер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын, азаттықтың халқымыз үшін орны ерекшелігін, қанмен қара тасқа қашалып, ғасырлар бойғы арман-тілекті бойына сіңіріп, сағым жылдардың елесін арқалап, асыға жеткен арманымызды ынты-шынтысымен айтып жеткізді. Тәуелсіздік жолында шейіт болған боздақтарымызға, ерен ерлердің еңбегіне, яғни тәуелсіздік таңы атқан күннен бүгінімізге дейін шолу жасап, жадымызда жаңғыртамыз.

Студенттер, М.Шахановтың «Желтоқсан тағылымы», Қ. Сариннің «Тәуелсіздік», Б. Исаевтың «Қабірден хат», Ә.Шегебайдың «Қайрат Рысқұлбеков монологі» және С. Кұланқыпшақтың өлеңдерін оқыды. Тәрбие іс шарасы барысында студенттер «Қазақ осы», «Тәуелсіз елдің қызымын» атты әндерін орындады және Айтмұратқызы Құралай «Тәуелсіздік-Тәңірден келген тәтті сый» атты өз шығармашылығын тарту етті. Кураторлық тәрбиелік шараның мақсаты студенттерді өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, мемлекетіміздің рәміздерін қастерлеуге, ұлттық сананы бойына сіңіріп, оны жалғастырушы болып өсуге тәрбиелеу, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып,   ел арасында сақталып келе жатқан халық мұрасы бойынша қайырымдылыққа, бірлікке тәрбиелеу, адамгершілік сезімін арттыруға, желтоқсандықтарға әрдайым құрмет көрсетуге, әділеттілікке, ел мен жердің қадір қасиетін ұғынуға   тәрбиелеу.

Қонақтар арасында кафедра оқытушысы Рамазанова С.А., аға-куратор Санбаева Балым Жалғасқызы   тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз туралы ой-пікірлерін білдірді. Барша қатысқан оқытушылар мен студенттерге алғыс айтамыз.

 

Басылым күні :  11.12.2021