ҚР Президенті жолдауына пікір

01.09.2023

Көрулер: 326

Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаевтың

Қазақстан халқына жолауына пікір

      Жалпы мемлекет басшысының қайсыбір жолдауы болмасын, ол елдің болашағын бағамдап айқындауда және оның даму стратегиясында, кемелдену кезеңінде, жетілу жолында маңызды рөл атқарады. Үкімет пен халық арасындағы сындарлы диалог, өзара сенім, елдің рухани-моральдық потенциалы, сауда-экономикалық әл-ауқаты, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру мүмкіншілігі – барлығы да жолдау мәтінінде жинақталып, ашық кеңістіктегі стратегиялық бағдаршам ретінде қабылданады.  

   Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүекте Қазақстан халқына арнаған жолдауын тыңдай отырып, отандастарымыз еліміздің бүгіні мен ертеңіне қатысты ең маңызды деген мәселелердің шешімі туралы мейлінше кең ақпараттандырылды деп санаймыз. 

   Президент ең алдымен, жаңа Қазақстанның тағы бір жаңа белесіне аяқ басуға шешім қабылдағанын, маңызды саяси кезеңге қадам жасайтыны айта келіп, қазақстандықтарды Парламенттің кезекті сессиясының ашылуымен құттықтап өтті.

     Жолдаудың негізгі кіріспе бөлімі Республика басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның ҚР президенті ретіндегі есеп беруі ретінде қабылдауға тұратын - осы уақытқа дейінгі Қазақстан қоғамындағы оң өзгерістерге толыққанды шолу жасауымен басталды. Соңғы кезеңдердегі Қасымжомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде «Жаңа Қазақстан» атты ұғымның аясында ауқымды жұмыстар атқарылғанын мойындаған ләзім. Қазіргі таңда жаңару үрдісі бармаған аймақтар күннен күнге кеміп келеді. Ел өңірлеріндегі алыс аудандар мен ауылдарды дамытуға, өнеркәсіп пен халыққа қызмет көрсету саласын кеңейтуге үлкен мүмкіндіктер жасалып, мейлінше еркін дамудың қақпасы айқара ашылды.     Тәжірибелік тиімділік, адам капиталын жоғары қою жаңа қазақстандық реформалардың көздеген басты мақсатына айналды. Әртүрлі топтарға арналған әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Әсіресе ғылым мен білім беру ісін ізгілендіруге, дамытуға көп көңіл бөлінді.

   Мемлекет басшысының Жолдауын тыңдай отырып, қоғам назарын бірқатар өзекті мәселелерге аудартқаны қуантты. "Бұл ретте металды терең өңдеу мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек», - деді Тоқаев жолдауында.

    Сонымен қатар, дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша біздің елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейінің төмен екендігі туралы да ақпарат беріліп, сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керектігін басып айтты: «Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек».

   Келесі кезектегі бұрын соңды сирек қозғалатын тақырып - кен орындарында жиі болып жататын қайғылы оқиғалар туралы болды. Бұл туралы «Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс» деген келелі шешім айтылды.

   Отандық өнімге қатысты айтылған мәселені атап өту керек деп санаймыз. Тоқаевтың айтуынша, халықты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. «Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек», - деді президент.

   Ашығын айту керек, қазіргі көршілес жатқан Ресей мен Украина арасындағы соғыс жағдайы еліміздегі қарулы күштер жағдайының қандай деңгейде екендігі туралы сауалдарды алға тартатыны жасырын емес. Дәл осы мәселе Президент назарынан тыс қалмай, бұл сауалға да оңды жауабын айтып кетті: «Біздің әскер жоғары технологиялы қару және әскери техникамен, соның ішінде брондалған техника, ұшқышсыз аппараттар, заманауи атыс қаруларымен қамтылуы керек. Сонымен қатар техниканы жедел жөндеу бойынша өндірісті күшейтіп, отандық кәсіпорындарды нығайту керек».

   Және бір маңызды сектор - жылу электр станцияларындағы апаттар туралы президент: «Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады».

     Осы жолғы Жолдаудағы аса маңызды мәселе - атом электр станциясы. «Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады» - деді Тоқаев. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайдытынын да ескертіп өтті. "Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет", - деді президент.

   Біз үшін ғана емес, жалпы адамзат баласы үшін ең басты сұраққа айналуы мүмкін планеталық маңызды мәселе – су тақырыбы екенін әлем әлдеқашан бастап кеткенін білеміз. Осы жөніндегі Президентіміздің алаңдаушылық танытуы бәрімізді бір серпілтті десек артық айтпаймыз.
«Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы.
Суды барынша үнемдеуіміз қажет. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады.
Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. 
Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады».

   Президенттің көңіл бөлген секторының бірі – транспорт саласы болды. "Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – бұл стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады», - деді Тоқаев Жолдауда.
   Біздіңше, осы жолғы Жолдаудағы халыққа аса жағымды естілген мәселернің бірі - мемлекет басшысының кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап еткені болды. "Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек", - деді Президент.

   Қасым-Жомарт Тоқаев мырза отандық ағартушылық саласы жүйесінің үздік үрдісін сақ­тай отырып, қашанда даму жолын­да болу керектігін айтып жүр. Қазақстанның дамыған ел қатар­ына қосылуының кілті сапалы, қолжетімді және заманауи білімде екенін де жиі тілге тиек етеді. Бұл үшін осы саланың дамуына жаңа, қуатты серпін берудің маңыздылығын да ескертеді. ЖОО-ларға академиялық еркіндік пен қаржылық дербестік беру туралы көптен күткен заңдар да қа­­был­­данды.

   Жолдау соңында ел басшысы : «Еліміздің экономикасын дамытуға қатысты бүгін айтылған жоба-жоспардың бәрі нақты зерттеліп, есептеліп жасалды. Бүкіл экономикалық жүйені шұғыл түрде түбегейлі қайта қарап, өзгерту арқылы елімізді өркендетеміз, халықтың әл-ауқатын арттырамыз» деп ой қорытты. Алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа» деді Президент.

 Қазақ ғылымы мен Жоғарғы мектебінің қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Түркітану және тіл теориясы кафедрасы жаңа Қазақстанның Президенті ұстанған бағытты да, саяси көзқарасын да, жалпы ғылым мен білімді жаңа форматқа өткізу кезеңінің келгенін баяндайтын сөздерін қолдайды. Болашаққа стратегиялық қадам жасауға бағытталған ғылым мен Жоғарғы білім беру саласында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сенген жаңа ұрпақты тәрбиелеу жауапкершілігін толығымен мойнымызға алатынымызды, еліміздің даму жолындағы жаңа көзқарастарды қабылдауға дайын екендігімізді жеткізгіміз келеді.

 

Түркітану және тіл теориясы

кафедрасының меңгерушісі,

филол.ғыл.докторы, профессор

Авакова Раушан Амирдинқызы