«Қазақстанның кешесі мен бүгіні» атты кураторлық сағат

06.02.2023

Көрулер: 542

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология факультетінде 6 ақпан күні Түркология және тіл теориясы кафедрасының PhD Бүркітбаева Шынарай Дүбірқызының жетекшілігімен Түркіменстан мемлекетінен оқуға келген 1 курс студенттерімен «Қазақстанның кешесі мен бүгіні» атты ашық кураторлық сабақ өтті. Ашық сағатқа Түркология және тіл теориясы кафедрасының оқытушылары Бүркітбаева Шынарай және кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ешметова Балжан қатысты. Кураторлық сағаттың мақсаты шетелдік студенттерді қазақ елінің мәдениетінен хабардар ету болды. Қатысушыларға «Қазақ» атауының пайда болу тарихынан бастап тарих сахнасындағы қазақ халқының орны, халқымыздың ежелгі және бүгінгі мәдениеті жайында ақпараттар берілді. Жалпы түркі халықтарының рухани мәдениетінің қалыптасу барысы, бөлінісі жайында сұрақтар қойылып, пікірталастар жүргізілді. Студенттер де түбі бір түркі халқы болғандықтан Наурыз сынды ортақ салт-дәстүрлеріміз, ата-бабадан келе жатқан сүттен жасалатын тағамдарымызды талқыладық. Өнер білім дамыған Қазақстанның көрнекті жерлерін, Алматыдағы музейлер мен шетелдік студенттерге рухани әрі ғылыми азық болар театрлар, кітапханалар жайында ақпараттар бердік. Кураторлық сабақты Түркі филологиясы кафедрасының 1 курс магистранттары Әльмахан Ақсұңқар, Кутлымуратова Азиза және Ибрагим Айна тәжірибелік сабақ ретінде жүргізді. Қорыта келе, Түркіменстан мемлекетінен білім іздеп келген студенттерге барынша еліміздің мәдениетін, қазіргі даму жолын, бірлікте түркі халықтарына филолог ретінде қоса алатын үлестерімізді тілге тиек ете отырып, еліміз, тіліміз жайында сан-алуан ақпарат бердік. Әрине, пікір алмаса келе халықтарымыздың қаншалық жақын, бауырмал, көзі ашық екендігіне тағы бір мәрте көзіміз жетті.

Ибрагим Айна

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Түркология және тіл теориясы кафедрасы

Түркі филологиясы 1 курс магистранты