Жазғы ғылыми семинар

18.08.2022

Көрулер: 563

Бүгін бауырлас Қырғыз елінің Ыстықкөл жағасындағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың спорт-сауықтыру лагерінде «ТҮРКІ РУХАНИЯТЫНЫҢ ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТКЕ ЫҚПАЛЫ» атты ЖАЗҒЫ ҒЫЛЫМИ СЕМИНАР басталды.
Еліміз тәуелсiздiкке қол жеткiзген жылдардан бері халықаралық, мемлекетаралық және этносаралық саяси-мәдени қарым-қатынастарда түркi әлемiнде ғана емес, дүниежүзiне танымал мемлекетке айналып үлгердi.
Кез келген өркениет мәдени мұраны сақтау, зерделеу және оны халық игiлiгiне жарату арқылы қайта түлеп отырады. Ал бұл үрдiс қазiргi заманда тек қана өзге мәдениеттер аясында, адамзаттық, ғаламшарлық ауқымда пайымдалғанда ғана жалпы мәдени кеңiстiктен өз орнын белгілей алады. Шығыстан Батысқа немесе Батыстан Шығысқа ауысқан небір мәдениеттің Ұлы көшін бастан өткерген Еуразияның сайын даласы қазiргi қазақстандықтардың мекені. Сондықтан да мұндай ортақ жолмен жүру бiздiн тарихи дәстүрiмiзде жатыр.
Тәуелсіздік алғаннан кейін астанамызда шаңырақ көтерген «Түркі академиясы», ЖОО-да бакалавр, магистратура, докторантура бойынша «Түркітану», «Түркі филологиясы» (биыл жаңадан ашылды) сынды білім беру бағдарламалары, жақында ғана университет деңгейінде ашылған «Түркітану және Алтайтану» институты – қазіргі таңда түркі халықтарының ортақ құндылықтарын әлемдік өркениет аясында зерделеудi, дүние жүзінің түркітанушы ғалымдарымен тізе қосып, бiрлiк пен ынтымақтастық аясында шынайы ғылыми ізденістерге ұмтылуды мақсат етуді көздеуде.
Осы тұрғыдан «ТҮРКІ РУХАНИЯТЫНЫҢ ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТКЕ ЫҚПАЛЫ» атты жазғы ғылыми семинарда жасалған баяндамалардағы ғалымдардың тың идеялары мен терең ізденістері - ғылыми жиын тақырыбының өзектi екендігін байқатты.
Ғылыми семинарға қатысушылардың алдағы күндеріне де жемiстi нәтиже, жаңа идеялардың сәттi шешiлуiн тiлеймiн.