Мәдениет тоғысындағы гендерлік таным

18.11.2021

Көрулер: 1398

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті түркітану және тіл теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен Хаджетеппе университетінің (Түркия) профессоры, ЮНЕСКО ұйымының мүшесі Рефиа Гүлин Өгүт Екер ханыммен «Мәдениеттер тоғысындағы гендерлік таным» атты ғылыми дәріс өтті. Жиында кафедра меңгерушісі Авакова Раушан Амирдинқызы ашып, түркітану саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Хаджетеппе университетінің профессоры Рефиа Гүлин Өгүт Екер бүгінде талайды толғандырған гендер тақырыбын мәдениеттер тоғысында өрбітті. Салт-дәстүр мен заманауи үдерістердің қоғамға деген әсерін талқыға салып, ғылыми тұрғыдан сипаттама жасады. Ер адам мен әйел адамның арасындағы айырмашылықтар мен ерекшеліктерді айшықтай отырып, олардың әр ұлтта, әр мекенде қалай дамығандығына дәйекті мысалдар келтірді. Гендер тақырыбын дін, ғылым және философиялық аспектіде зерттеуші Гүлин ханым ұлттық код пен ұлттық жадының халық болашағына деген әсерін алға тартты.
Ғылыми дәріс барысында қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, гендер, салт-дәстүр, заманауи үдерістер туралы өзекті мәселелер талқыланды. Университетіміздің профессор-оқытушылары ғылыми пікір алмасып, қазақ халқының салт-дәстүріндегі, әдебиетіндегі мысалдармен ғылыми дәрісті құнарландыра түсті.
​Сөз соңында кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, аға оқытушы Бектемирова Сәуле Бекмұхамедқызы ‘әйел’ сөзінің этимологиясына тоқтала отырып, қазақ халқының басына төнген аштық кезіндегі қазақ санасындағы гендерлік сана жайында ой толықтырды.
​Бауырлас түркі ғылымы мен қазақ ғылымының ұштасуынан тұрған ғылыми дәріс өз дәрежесінде өтті.