Қашықтықтан оқыту барысындағы менің тәжірибем

Қашықтықтан оқыту барысындағы менің тәжірибем.
Бүкіл әлем бойынша таралған ғаламдық пандемияға орай қашықтықтан оқыту әдісі өте маңызды болып отыр. Дүниежүзі бойынша барлық білім беру ордалары мен мекемелер (мектеп, колледж, ЖОО және т.б.) қашықтықтан оқыту әдісіне көшкен. Ал, оқытудың бұл әдісі біздің университетімізде бұл уақытқа дейін де қолданыста еді. Яғни, бұл – университеттің кез келген жағдайға дайын екендігін дәлелдейді.

16 наурыздан бастап университеттің барлық оқытушылары мен студенттері оқытудың осы түріне түгелдей ауысқан. Ақпараттық білім беруде университет "Универ 2.0" және Moodle платформаларын қолданып келеді. Аталған платформаларда оқытушылар студенттерге лекция, семинар, лабораториялық жұмыстар мен студенттің өзіндік жұмыстарына сәйкес видеолекциялар, тест тапсырмалары мен тақырыпты түсіну мақсатында әртүрлі онлайн-қосымшаларына сілтемелерді жүктеу мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, университет профессорлық-оқытушылар құрамына білім берудің тағы бірнеше бағдарламаларын ұсынды: Zoom, Microsoft Teams, Youtube Streaming, Google Hangouts, Google Classroom, Skype, Сisco WebEx. Аталған платформалар білім берудің мүмкіндіктерін арттырды. Оқытушылар мен студенттер Zoom бағдарламасының қолданыста қарапайымдылығана байланысты жаппай осы бағдарламаны қолданды. Аталған бағдарламада 100 студентке дейін дәріс оқуға, онлайн сұрақ-жауап алмасуға, тақырыпқа сәйкес презентациялар, карталар мен оқу құралдарын экранға (демонстрация экрана) шығару мүмкіндігі және өткізген сабақты видеозапись арқылы сақтап алу мүмкіншіліктерімен ерекшеленді. Сонымен қатар, кафедрадағы шұғыл, өзекті мәселелер мен сұрақтарды шешу барысында да осы бағдарламамен жүзеге асып отырды.

Оқу процесі еліміздің мектептерінде басталып, осы бағдарламаны қолдануына байланысты, біз қосымша Microsoft Teams, Сisco WebEx бағдарламаларына ауысып, жұмыс барысында белсенді қолданып келеміз.

Қашықтықтан оқытудың қай түрі болмасын барлығы техникалық құралдардың жеткіліктілігі мен интернет желісінің жылдамдығын талап етеді. Бұл қажеттілікті талап ететін тұтынушылардың саны артуына байланысты өте өзекті мәселеге айналып отыр. Осы орайда, ҚР президенті Қ.Тоқаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізді.

Оқу процесінде жаңа, заманауи бағдарламалар мен қосымшаларды қолдану арқылы оқытушылар мен студенттердің білімін арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер деп ойлаймын. Қазіргі бүкіл ғаламдық пандемияға байланысты, дүниежізінің бірқатар елдеріндегі құнды электронды кітапханаларын ашық деп жариялап, оны қолданысқа енгізді. Сонымен қатар, бірнеше тіл үйрететін курстардың электронды сайттарына кіріп оқу мүмкіншілігі артып отыр. Бұл да студенттер мен жас ғалымдардың жан-жақты дамып, бос уақыттарын пайдалы өткізуіне септігін тигізуде.
Қашықтықтан оқытудың инновациялық әдістерін жан-жақты түсініп, пайдалы жақтарын көп ескеріп, оны тәжірибе жүзінде дамытып отырсақ, университетіміздің дамуына көп үлес қосамыз деген нық сенімдемін.

Еліміздегі төтенше жағдай кезеңіндегі карантин режиміне аса жауапкершілікпен қарап, аманшылықта жұмыс орнымызға оралайық!
#kaznu #кафедра_географииземлеустройстваикадастра #геофак #факультетгеографиииприродопользования

Publication date :  4/18/2020