Докторантураға құжаттар қабылдау жалғасуда

28.07.2020

Көрулер: 4194

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоратының кезекті отырысында магистратура және докторантура бағдарламаларына білім алушыларды қабылдауға байланысты мәселелер талқыланды. Докторантураның білім беру бағдарламаларына білім алушыларды қабылдау бойынша жұмысты ұйымдастыру туралы оқу ісі жөніндегі проректор Асқар Хикметов баяндады.

Проректор мемлекеттік білім грантына үміткерлерді кешенді тестілеуден өткізу тәртібі және оқуға түсушілердің өтініштерін онлайн-режимде қабылдау механизмі туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Үміткерлерді тестілеуге жіберу ҚР БҒМ ҒТО әзірлеген Face ID тұлғаны сәйкестендірудің ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда онлайн-апелляцияны тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде беруге болады. Нәтиже жазылған электронды сертификаттар жоғары оқу орындарына жіберіледі.

«Биыл ҚазҰУ-ға 427 грант бөлінді. Олардың едәуір бөлігін техникалық және ғылыми-жаратылыстану бағытындағы мамандықтар құрайды. Құжаттарды қабылдау 3-шілдеден 3-тамызға дейін жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта университеттің онлайн-жүйесі арқылы жүзден астам өтініш қабылданды», - деді проректор.

Айта кету керек, қазақстандықтар мен шетелдік азаматтар ҚазҰУ докторантурасында білім алу үшін құжаттарды www.kaznu.kz сайтының «Оқуға түсушілерге» бөлімінде онлайн-форматта тапсыра алады.

www.kaznu.kz