Тотальдан дәріс

05.02.2019

Көрулер: 3422

«Total» әлемдік энергетикалық компаниясының (Франция) танымал сарапшысы профессор Эрве Оберрейнер ҚазҰУ студенттеріне дәріс оқыды.

«Көшбасшылық және халықаралық мансаптық менеджмент» тақырыбындағы дәріс тек қана теориялық білім ғана емес, сондай-ақ танымал ғалым мен сарапшының тәжірибелік сабақтарына қатысуға ықылас білдірген көптеген студенттердің басын қосты.

Профессор Эрве Оберрейнер студенттер, магистранттар мен докторанттармен кездесу барысында көшбасшылықты дамыту, талант және мансапты басқару мәселелерін талқылап, өзінің кәсіби тәжірибесі мен «Тоталь» компаниясының жұмысынан нақты үлгілер келтірді. Сондай-ақ, ол жеке мансаптық ілгерілеуді басқару және жеке тұлғалық дамуды жоспарлаудың ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Студенттерге шара барысында алған білімдерін бекіту мақсатында практикалық тапсырмалар мен тестілер ұсынылды.

Университет Қазақстан мен Франция арасындағы ғылым мен білім беру саласындағы жаһандық азаматтық және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға зор көңіл бөледі. Лекция «Тоталь» компаниясының қолдауымен ҚазҰУ жанындағы Пан Ги Мун атындағы тұрақты дамыту институтымен серіктестікте ұйымдастырылып, университетпен көпжылдық және табысты ынтымақтастықтың жалғасына айналды.

«Тоталь» әлемдегі ең көне және ірі энергетикалық компаниялардың бірі. Ол мұнай-газ саласында жоғары білікті мамандарды даярлауға және қайта даярлауға көп көңіл бөледі және кадрларды басқаруда және түрлі елдерден дарынды жастарды жұмысқа тартуда мол тәжірибесі бар.

www.kaznu.kz