«ЖАПОНИЯДАҒЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ ТӘЖІРИБЕСІ»

26.10.2017

Көрулер: 2375

2017 жылдың 25-ші қазан күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасында Жапон фондының (Japan Foundation) өкілі Ониши Юми ханымның қатысуымен Жапониядағы академиялық ұтқырлық тәжірибесіне арналған ауқымды кураторлық сағат өтті.

Бұл шараның мақсаты:

-1-4 курс студенттерін ҚазҰУ-дың академиялық ұтқырлық негіздерімен таныстыру, сонымен қатар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасы жапонтану бөлімінің академиялық ұтқырлық бағдарламаларының артықшылықтары мен ерекшеліктерімен таныстыру;

-студенттерге академиялық ұтқырлық бойынша оқу тәжірибесі кезінде мәдени шок пен тілдік кедергілерден қалай өту керектігі жайлы қажетті ақпаратты беру;

-студенттерді Жапониядағы оқу тәжірибесі кезінде қарым-қатынастың негізі әрі өз мамандықтарының профильді тілдері болып табылатын жапон және ағылшын тілдерін белсенді оқуға ынталандыру.

Іс-шарада Васэда Университеті, Токио Шет Тілдер Университеті, Цукуба сияқты университеттерінде оқу тәжірибесін сәтті тәмамдап келген 4-ші курс студенттері мен магистранттары презентация жасады. Әр презентацияның соңында студенттер Жапонияда болғанда алған әсерлері мен эмоцияларымен бөлісті. Презентация жасаған студенттер мен тыңдаушылар арасында Жапониядағы академиялық ұтқырлық бойынша оқу тәжірибесі мен Жапониядағы өмірге қатысты түрлі сұрақтарға арналған «сұрақ-жауап» диспуты өтті.

аға оқытушы Боранқулова С.